1131

АҚШ-тағы боксшы Данияр Елеусінов Астанадағы спорт мектебінен жалақы алып отырған

Данияр Елеусінов Астанадағы спорт мектебінен тұрақты жалақы алып келген. Бұл туралы smartnews.kz сайты ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тағы боксшы Данияр Елеусінов Астанадағы спорт мектебінен жалақы алып отырған
ашық дереккөзден

Бірнеше жылдан бері АҚШ-та тұратын танымал боксшы, олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанадағы №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі КММ-де жаттықтырушы лауазымы бойынша тұрақты түрде жалақы алып келген.

KTK дерегінше, Астана қалалық спорт басқармасы Данияр Елеусіновтің 2021 жылдан бері жаттықтырушы лауазымында жұмыс істейтінін растаған. 

- Елеусінов Данияр Маратұлы Астана қаласы әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі КММ-де жаттықтырушы лауазымында. Жалақысы – 80 249 теңге. Елеусінов Данияр жартылай штаттық негізде жұмыс істейді, - делінген Астана дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінде.

Данияр Елеусіновтің өзі спорт мектебіндегі жұмысына былтыр, яғни жаңа жылдың алдында келген. Жұрт оның АҚШ-та жүріп Қазақстандағы мектепте қалай сабақ беріп жүргеніне таң қалды.

- Ол енді қалада болғанда үнемі залда ғой. Жаттығулары бар, біздің балалармен бірге жаттығады. Бүкіл әдіс-тәсіл, соққы, бәрін көрсетіп, залда істейді. Соңғы рет желтоқсанда болды. Оның алдында Данияр ешқайда шықпады ғой, - дейді Астана әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Мұстафин.

Сондай-ақ мектеп директоры Мұрат Мұстафин чемпион жас спортшылармен онлайн байланысқа жиі шығып тұрады дейді.