Астана қаласы бойынша қормен келісімшартқа отырған 62 медицина ұйымы стоматологиялық көмек көрсетеді, оның 16-сы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар, деп хабарлайды Smartnews.kz сайты.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасайды.
Яғни, бұрынғыдай тіркелген емханаға барудың қажеті жоқ.
Пациент қормен келісімшартқа отырған кез келген стоматологиялық клиниканы таңдап, қарала алады.
«Стоматологиялық көмек көрсету процесінде еш өзгеріс жоқ, пациенттер бұрынғыдай медициналық көмек алады. Тек келісімшартқа отыру әдісі яғни шарт жасасу жағы өзгерді. Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызмет көрсетсе, 1 қаңтардан бастап Қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін тікелей осы клиникалармен шартқа отырды. Демек енді стоматологиялық клиникалар өздерінің қанша қызмет көрсеткенін және Қормен келісімшарт бойынша қанша қызмет көрсететінін өз бетінше қадағалап отыруы керек» - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Стоматологиялық көмекті кімдер ала алады?
МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді.
Жоспарланған стоматологиялық көмекті тек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ғана ала алады.
Ал жедел стоматологиялық көмекті:
- 18 жасқа дейінгі балалар;
- жүкті әйелдер;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- Мүгедек жандар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқамен марапатталған көп балалы аналар;
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;
- мүгедек балаға күтім жасау үшін жұмыс істемейтін адамдар;
- І топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар ала алады.
МӘМС есебінен қандай стоматологиялық қызметтер көрсетіледі?
Жоспарланған стоматологиялық көмек. Оған кіретін стоматологиялық қызметтер:
- жансыздандыру
- рентгенография
- тіс жегісі және оның асқынған түрлерін емдеу, композитті материалдардан пломба қою
- хирургиялық емдеу: тіс жұлу, абсцесс ашу, периостотомия, т.б.
«Сондай-ақ, осы пакетте тіс жегі мен оның асқынуының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар да көрсетіледі. Тіс жегісінің алдын-алу дегеніміз өте маңызды. Гигиена жайында ұмытпаған дұрыс, баланың 2 жасынан бастап тісті күніне 2 рет тазалау керек екенін ата-аналар көрсетіп, үйретуге тиіс. Екінші бір маңызды ем - ремтерапия деп аталады. Бұл процедураны балалар ауырсынбайды, тістің эмальын минералдармен қоректендіру үшін барлық тістеріне лак жағып береді» - деп түсіндіріп өтті «Стоматология» оқу-клиника орталығының бас дәрігері Жанар Қазбекқызы Әбуова.
Шұғыл стоматологиялық көмек тіс шыдатпай ауырғанда,тісті жұлу, абсцесті ашу, т.б. секілді хирургиялық емді қажет ететін кезде көрсетіледі.
«Сондай-ақ, ортодонтиялық қызмет те бар. Жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде МӘМС бойынша ортодонтиялық көмек көрсетіледі. Үлгі алып, ортодонтиялық пластина жасап, орнатылады. Бұл көмекті туа біткен патологиясы бар балалар да, 6-12 жас аралығындағы ақауы бар аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да, яғни АӘК алушылар ала алады», - деп толықтырды «Стоматология» оқу-клиника орталығының бас дәрігері Жанар Қазбекқызы Әбуова.
Қазір стоматологияға емханадан жолдама керек емес. Ең бастысы, пациент МӘМС немесе ТМККК аясында стоматологиялық көмек көрсетілетін санаттардың біріне жатуы және медициналық көрсеткіштері болуы тиіс.
Егер медициналық қызмет МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтер тізіміне кірсе, мысалы, жоспарлы медициналық көмек алу үшін, сақтандыру мәртебесі міндетті түрде керек.
Егер қызмет ТМККК тізімінде болса, мысалы, қатты ауырсыну болса, онда мәртебе қажет емес және медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Пациенттер барлық медициналық қызмет түрлерін тек медициналық көрсеткіштер бойынша ғана ала алады.
Естеріңізге саламыз, стоматологиялық клиниканы өзі таңдауға болады. Тек алдымен, ол клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі ме, соны тізімнен анықтап алған жөн.
Жеткізушілердің тізімін fms.kz ресми сайтынан қарап алуға болады немесе клиниканың өзінен сұрау керек.
Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда стомқызмет ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетіледі.
Егер пациентке МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсетуден бас тартса немесе толық көлемде медициналық көмек көрсетілмесе, бұл жағдайда осы клиниканың пациенттерді қолдау қызметіне хабарласу керек немесе медициналық сақтандыру қорына:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
@saqtandyrybot телеграмботы
1406 байланыс орталығы
Қордың fms.kz сайты
арқылы хабарласу керек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтінішіңізді қарап, тиісті шаралар қабылдайды.