28 шілдеде Дональд Трамп "биткоиннің стратегиялық ұлттық резервін" құруды ұсынған болатын. Осылайша, ол АҚШ-ты "биткоиндық супердержаваға" айналдырып, криптовалюта арқылы 35 млн. АҚШ доллары көлеміндегі мемлекеттік борышты өтеуді ұсынған.
Алайда, 3-4 тамызда криптовалюта нарығы айтарлықтай төмендеді. Мəселен, биткоин 53 мың долларға дейін төмендеді жəне тəулігіне 10%-дан астам мөлшерде құлдырады, ал Ethereum бағасы 20%-ға төмендеп, 2200 доллардан төмендеп отырды.
Криптовалюта нарығының жалпы құны шамамен 270 миллиард АҚШ долларында тұралаған. Қазірде биткоин бір апта ішінде азды-көпті қалпына келіп, $60,000 шамасына өсті. Сарапшылар биткоин бағамы 70 мың доллардан асатынын болжауда. Қысқа мерзімді құлдыраудан кейін мұнай баррелі де 80 долларға дейін көтерілген.
Ендеше, бұның Қазақстанға ықпалы қандай болмақ? Бұл мақалада біз қазіргі кезеңдегі криптовалюталардың рөлін, сондай-ақ оларды ақша бірлігі немесе төлем құралы ретінде енгізудің артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырамыз.
Криптовалюта мен жаһандық экономиканың өзара байланысы
АҚШ-тағы жұмыссыздықтың 4,3 пайызға дейін өскені туралы есеп шыққаннан кейін криптовалюталар жəне бірқатар қор биржасындағы акциялар құлдырады, себебі бұл жаңалық рецессия туралы алаңдаушылық туғызған болатын. Ең көп төмендеу Жапонияның Nikkei Average атты базалық индексінде 12,40% деңгейінде байқалды, ал бұл 1987 жылдың қазан айынан бергі ең төмен көрсеткіш болды. Оңтүстік Корейдің Kospi жəне тайваньдық Taiex 8%-дан астамға, ал Ыстамбұл BIST 100 7 пайызға құлдилаған. Бұл көрсеткіш АҚШ, ЕО, Үндістан, Гонконг жəне Австралия индекстерінде 4,27-2,5% аралығында болды. Теңге бағамы да төмендеп, бір доллар үшін 479 теңгеге дейін жетіп, өз психологиялық белгісіне жақындады.
Бұның бəрі қалай іске асады? АҚШ-тағы жұмыспен қамтудың əлсірегені туралы есеп экономикалық өсімді баяулатып, рецессияның басталуы мүмкін екендігін көрсетеді. Нəтижесінде компаниялардың кірісі төмендеп, инвесторлар активтерді сатуға мəжбүр болады.
Аймақтардағы саяси, экономикалық жəне қаржылық ахуал криптовалютаның құнына айтарлықтай көп əсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде азаматтар өз қаражатын сақтау үшін қауіпсіз активтерді іздеуге бейім. Экономикалық санкцияларға ұшыраған елдерде криптовалюталар осы санкцияларды айналып өту үшін қолданылатыны белгілі. Геосаяси факторлардан бөлек, ұлттық валюталардың тұрақсыздығы жəне гиперинфляция сияқты макроэкономикалық факторлардың да маңызды.
Сонымен қатар, инвесторлар реттеушіліктің тұрақсыздығы үшін де алаңдайды, өйткені криптовалютаның заңнамасы мен реттелуі əр елде əркелкі жəне бұл сала əлі де дамудың бастапқы сатысында. Ал Binance, Coinbase, Ripple Labs, Bitfinex жəне Tetherсияқты ірі платформаларда туындайтын қақтығыстар бұл алаңдаушылықты тек арттыра түседі.
Келешекте экономиканы не күтуде?
Сарапшылардың айтуынша, криптовалюталардың құлдырауы ұзақ мерзімді перспективада қауіп төндірмейді. Жеткізілімдерді басқару институты (ISM) хабарлағандай, тапсырыстар мен жұмыспен қамтудың өсуіне байланысты шілде айында қызмет көрсету секторындағы белсенділік төрт жылдағы ең төменгі деңгейден кейін өз қалпына келген. Осы мəлімдемеден кейін америкалық акциялардың шығыны аздап қысқарып, АҚШ-тағы рецессияға қатысты алаңдаушылық азайды. Оған қоса, соңғы жылдары қызу талқыланып келе жатқан дағдарыс пен рецессияның алдын алу мақсатында G7 елдерінің нарықтағы өтімділікті біртіндеп арттыратыны күтілуде.
Кейбір сарапшылардың болжамынша, осы күзде дағдарыстың əсерінен АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ставкалары төмендеуі мүмкін. Ставкалар төмендеген жағдайда банктердің арзан несие беруі оңайға түседі, ал инвесторлар инвестицияны көбейтуге жəне криптовалютаға көбірек инвестиция құю сияқты тəуекелдерге бел бууға бейім. Мамандар осының əсерінен күзде баға одан əрі өсуі мүмкін деп болжап отыр.
Əлемдік тəжірибе
NASDAQ мəліметінше, АҚШ федералды үкіметі соңғы жылдары тəркілеу арқылы биткоин күйінде миллиардтаған доллар жинаған. Биткоин резерві 200 мыңға, демек, 5 миллиард АҚШ долларынан асатын сомаға бағаланады. Алайда, бюрократиялық кідірістің салдарынан жəне құқықтық база дайын болмағандықтан, активтерді уақтылы пайдалануға мүмкіндік жоқ, өйткені бастапқы тəркілеуден ликвидацияға дейінгі процесс жылдар бойы жалғаса алады. Осыған қарамастан АҚШ тəркіленген криптоактивтерді сату арқылы өз резервін миллиардтаған доллармен толықтырғаны белгілі.
Биткоиндық мемлекеттік резервті құру əлемдегі ең ірі қаржы орталықтарының бірі Гонконгта да ұсынылған болатын. Германия үкіметі 2,3 млрд-тан астам сомалық биткоинді сақтауда. Ал Сальвадор биткоинді сату арқылы өз қазынасын 3 млн АҚШ доллармен толықтырғаны анықталды. Криптовалюталар мен блокчейн стартаптары үшін ең қолайлы юрисдикция Швейцарияға тиесілі деп есептеледі.
Сыни көзқарас
Дегенмен, халықаралық қаржы ұйымдары сын айтып, өз ұсыныстарын жеткізуде.
Дүниежүзілік банктің айтуынша, криптовалютаның құралдары қауіпсіздік, өтімділік жəне кірістілік критерийлеріне сəйкес келмегендіктен крипто-активтердің орталық банктердің резервтік портфеліндегі рөлі артпай келеді.
Халықаралық валюта қорының ескертуінше, валюталық депозиттерден шетел валютасындағы “стейблкоиндерге” ауысудың салдарынан ұлттық банктердің капиталы көбіне басқа экономикалардың резервтік активтеріне көшеді. Мұндай ағын ұлттық валютаның жоғары құбылмалылығына əкеліп соғады, əрі макроэкономикалық өсімді тежеуі жəне инвестиция ағынын əлсіретуі мүмкін.
MIND ұсыныстары
Криптоактивтердің резервін құру - жетекші экономикалардың өзі үшін сын-қатерлі инновация. Қазақстан сияқты орта державалар криптовалютаны көптеп қолданысқа енгізсе, алдын ала болжауға келмейтін қауіп-қатерлерге тап болуы əбден мүмкін. Сондықтан, бір жағынан, еліміздің неліктен криптовалюталық "сұр аймақта" тұрғаны түсінікті. Десе де, бұл уақытша жағдай болса керек.
1. Криптовалютаны тиімді реттеу үшін салықтық реттеу мен АЖ/ТҚҚ (ақшаны жылыстатуға жəне терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл) қамтамасыз ету керек. Оған қоса, жеке жəне қаржылық құқықтың тиісті аспектілерін қамтитын кешенді құқықтық негіз қажет.
2. Көптеген түрлі акторларды тарту жəне көбірек қаржы құралдарын енгізу мақсатында жағдай жасай отырып, нарықтың тұрақтылығын арттыру керек.
3. Криптовалюталар, цифрлық валюталар, токендер, ETF жəне т. б. нарықты қамтитын цифрлық активтер нарығын реттеу туралы заң қабылдануы тиіс. Мұндай заң цифрлық активтерге қатысты операцияларға арналған құқықтық базаны қалыптастыруға көмектеседі, ал бұл өз кезегінде нарық қатысушыларының сенімін арттырады жəне жаңа инвесторларды қызықтыра алады.
4. Бұл саланың реттелуі мен қадағалануын қамтамасыз ету шарт, себебі бұл оның нарықта одан əрі дамуының маңызды алғышарты.
Бұл аналитикалық материалдың авторлары – Maqsut Narikbayev University жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары.