Алғашқы адымдарынан бастап, Құлбек үнемі үдеп келеді:әдебиетіміздің түрлі жанрлары, алуан мәселелері, белгілі тұлғалары туралы ой-толғамдарын ортаға салған мақалаларын атап, тізіп шығатын болса, соның өзі жеке бір көлемді библиографиялық кітап болар еді. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, шынтуайтқа келгенде, осынша ұшқырлық пен табандылыққа қалай қайран қалмасқа! Біздің байқауымызша, қазақ әдебиетінде және әдебиеттануында жариялаған мақалаларының молдығы жағынан Қ.Ергөбектің алдына ешкім түсе қоймас. Саналы ғұмырында туған елінің рухани әлеміне өшпес құштарлықпен, риясыз құрметпен өз үлесін қосып келе жатқан сыншы-ғалымның «Адамның бір қызығы бала деген...» атты әдеби сын, толғамын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуы, әлбетте, орынды. Өйткені, бұл - балалар әдебиетіне арналған тұтас кітап. Балалар әдебиеті – әдебиеттің күрмеуі қиын саласы. Қиын салада жарты ғасыр бойы үзіліс-үздіксіз еңбек етіп келе жатқан сыншымыз Құлбек.
Қазақ балалар әдебиетінде оның назарынан тыс қалған бірде-бір әдеби құбылыс, тіпті бірде-бір елеулі туынды болмаса керек. Жарты ғасыр бойы қазақ балалар әдебиетінің жақсысын – жақсы деп жарлай айтып, кемшілік сырын бүкпесіз талдай жазып келе жатқан маман сыншымыз. Қазақ топырағында туған балалар әдебиетін қазақ әдеби ортасында ғана емес, кезінде Одақтық өріске шығара Москва, Санкт Петербургте баяндама жасайтын, Одақтық «Детская литература» журналына дейін сын мақалаларын жариялап жататын сыншы да Құлбек болды. Журналдың Бас редакторы С.П.Алексеевпен ынтымақ тауып, «Детская литература» баспасынан «заказ» алып, маған «Қазақ балалар әдебиеті» сын очерк кітабын жазайық деп жүрген де Құлбек.Жазған тарауларымызды Шевченкоға аудартып, қазақ балалар әдебиетінің бәсін Москвада асыру үшін қаншама бейнет кешті. Одақ ыдырап, Тәуелсіздіктің таңы сібірлеп атқан алғашқы жылдары біз Москва баспасына арнап жазған очерк кітабымызды ғылымиландырып, Түркиеге «Түрік халықтары әдебиеті» көп томдығына жіберген едік. Қазақ балалар әдебиетінің абыройын сыртта асыру үшіндік осы көзге көрінбес қыруар шығармашылық жұмыстың ыстық-суығын Құлбек екеуміз бірге кешіп, бірге шегіп едік.
Содан бері зымырап өте шыққан жылдар-ай! Жиырмасыншы ғасырдың биігіне мұнша тез көтеріле қоямыз деп, тіпті жиырма бірінші ғасырдың да бір ширегін көреміз деп ол кезде кім ойлаған?! Жастық дәурен, көз алдаған қызыл-жасыл, көрікті дүние, көркем әлем таусылмастай сезілетін... Апырмай дейміз амалсыз, уақыт қалай зымыраған!... Әттеген-ай... Арман қуған, алысқа ұмтылған, асылды аңсаған жастар едік... Енді айтып-айтпай не керек...
...Ол кезде Құлбектің иығын сипайтын желке шашы жал секілді күдірейген жас еді. Жаңылмасам, не 1978, не 1977 жылдардың бірі. «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүрген кезім. Бұрын да жүзі таныс, жылы сәлемдесіп жүрген Құлбек «Жастар прозасы және ұлттық характер» деген алғашқы мақалаларының бірін әкелді. Жас жігіттің аяқ алысы, көркем шығарманы түсіне білуі, айтайын деген ой-пікірлерін негізгі нысана - мәселенің айналасын жинақтап, шығармалардың жетістіктері мен кемшіліктерін шашыратпай, сол мәселенің аясына топтастыруы, ширақ сөз саптауы бірден назарымды аударды. Жастық қызумен артық айтып, кем түскен тұстарының «мұртын басып» жариялауға ұсындым. Ұмытпасам, бұл - Құлбектің бүгінгі әдебиет туралы алғашқы байсалды, үлкен мақаласы. Мақала әдеби жұртшылықтан жоғары бағасын алды. Асқар Сүлейменов «мақаланың тілі жақсы екен» деп мақтапты деген сөзді естіп, қаламдасымның еңбегіне жылы лебіз айтылғанына сүйсіндім.
Содан бергі уақытта Құлбектің жарияланған қыруар мақалалары мен кітаптарының көпшілігімен таныспын. Шығармашылық еңбегінің үлкен бір саласы - кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Сәбит Мұқановқа арналды. Көзі тірісінде Сәбеңдей шығармалары ел арасында кең тараған, Сәбеңдей елге кең танымал, Сәбеңдей сүйкімді де жұғымды қаламгер сирек болғаны жалпыға мәлім. Құлбектің Сәбең шығармалары мен шығармашылығын кезінде өзінің негізгі зерттеулерінің күретамыры етіп алуы – Сәбит Мұқановқа деген сол ел құрметінің бір жарқын көрінісі.
«Мөлдір махаббат» романының шығармашылық тарихынан 1991 жылы кандидаттық қорғаса, арада небәрі төрт жыл өткенде, жазушының шеберханасынан докторлық қорғауы - Қ.Ергөбектің жиырмашақты қажырлы еңбекке толы жылының мәуесі. «Сәбит Мұқанов» (1989), «Сәбит Мұқанов» (2000), «Жазушы шеберханасы» (2002), «Келбет»(2020)т.б. тәрізді әлденеше кітабының кезінде халық сүйген қаламгерге арналуы да соның дәлелі.
Бұл орайда Құлбек Ергөбектің алуан қырлы талант ретінде танылғанын ықыласпен айтар едім. Ұқыпты да зерделі зерттеушілігі С.Мұқанов шығармаларының дүниеге келуіне, белгілі бір көркемдік сипаттары ерекшеленуіне әсер еткен себептерді іздеуге деген құштарлығынан, сол құштарлық жолында қажымай-талмай еңбектенуінен, тау асып, тас басып дегендей ұзақ жылдар бойы өз объектісіне қатысы бар, адамның басы айналатын қисапсыз деректерді шашау шығармай, мұрнынан тізіп, зерттеу жұмыстарына үнемі орнымен, қонымды пайдалануынан көрінеді. Бір ғана «Мөлдір махаббат» романына қатысты қаншама деректерді кәдеге жаратқанын қорғаған диссертацияларынан да, мерзімді басылым беттерінде жарияланған көптеген мақалаларынан да аңғару қиын емес. Әрине, бұл орайда бармақтай Құлбекке Сәбеңнің құдай қосқан қосағы, асыл, абзал ана, марқұм Мәриям апайдың да ақыл-кеңесі, көмегі өлшеусіз көп екенін аса құрметпен айтуымыз керек.
Ананың жүрегіне жол тапқан – сірә, сол кездегі шынашақтай Құлбектің кішіпейілділігі, адамгершілігі болса керек. Өйткені өмірдегі Құлбек қашанда жаны жарқын, жүрегі жылы, досқа қоң етін кесіп беретін жомарт адал. Жас жігіттің осындай қасиеттерін байқаған Мәриям апамыз Құлбекке Сәбеңнің небір «секреттерін» сеніп тапсыруы содан. С.Мұқановтың шығармашылығының қыруар «құпиялары» Құлбектің уыздай жас кезінен бастап, жігіт ағасы болғанша, Азия мен Еуропа аралығындағы ұлан-байтақ мекенде жүрген, жоқ іздеген тынымсыз еңбегінің арқасында ашылды. Осылайша қазақ әдебиеттануы, қазақ әдебиетінің тарихы тың деректермен толықты. Қазақ әдебиеттану ғылымында жазушы шеберханасын зерттеу кенжелеп қалған сала болса, сол олқылықтың орнын толтыруда. Қ.Ергөбектердің еңбектері көзге де, көңілге де жылы көрінетіні талассыз. Әдебиеттануымыздың осы саладағы алғашқы толымды шын мәніндегі сүбелі еңбектері деп бағалануы әбден лайықты.
Құлбектің жазушылық шеберханаға қатысты кілең тың деректерге, қызықты мысалдарға толы мақалалары республикалық басылымдарда жиі-жиі жарияланады. Кейіпкерлердің прототиптері (түптұлғалары), олардың тағдырлары, шығармадағы өзіндік көркемдік сипаттары, сол тұстағы күрделі қоғамдық-әлеуметтік, сапырылысқан қайшылықты тарихи-саяси жағдайлар, соған сәйкес жеке адамның, әлеуметтік топтардың, жалпы ұлттың рухани әлеміндегі, өмірлік ұстанымы мен танымындағы өзгерістер мен құбылыстарды дәлелдейтін мақалалары өмірдің өзімен, тарихи шындықпен тікелей байланыстылығымен, зерделі зерттеушінің білікті байламдарымен, абзал азаматтың алғаусыз ойларымен, тартымды тілімен, публицистік өшпес қызуымен қарапайым оқырмандардың да, есімі елімізге белгілі тұлғалардың да назарын аударып, барлығы да қызыға оқыды. Өз буыны, өз қатары арасында Құлбек Ергөбек сияқты көпке кеңінен танылған әдебиет сыншысы, зерттеуші ғалымдар кемде-кем.
Құлбектің түркі халықтары қаламгерлерінің шығармашылығы, өзара байланыстары мен ықпалдастығы, түркі халықтары әдебиетінің кітапханасын ұйымдастыруы, қазақ балалар әдебиетінің өсу жолы, жанрлары, көрнекті өкілдері туралы мақалалары – арнайы зерттеулердің арқауына айналуға керек. Қазақ әдебиеттануында ұзақ жылдар бойы балалар әдебиетінен көз жазбай, деміл-деміл айналып соғып, аяқ алысын, әдеби процестің заманмен байланысты айрықшалықтарын анықтаудан тартынбай, тайқымай, табанды түрде зерттеп келе жатқан бірден бір сыншы – осы Құлбек Ергөбек. Соның бір атап айтарлық дәлелі – сыйлыққа ұсынылып отырған кітабы. Балаларға арналған шығармаларды зерттеудің өз қиындығы,өзіндік күрделі мәселелері шаш етектен осы саламен кезінде айналысқандықтан, мен де бір кісідей білем де, СССР Жазушылар одағының семинарында кезінде байсалды баяндама да жасаған Құлбектің шығармашылық ерлікке барабар тынымсыз ізденісіне, тыңғылықтылығына қызығамын, зор құрметпен қараймын.
Оның барлық мақалаларынан, тұтас-тұтас сын еңбектерінен байқалатыны - өз жүрегінің дүрсілін бүкпей білдіруі, жан құштарлығын үрікпей, жасырмай, өзіне-өзі тежеу салып қиналмай, кім-кімді де жақын досындай, жан сырласындай сыйлап, шын жүректен сеніп, ой-толғаныстарын, сезім сәулелерін қашанда алға тартуы, қысқаша айтқанда, публицистік қуатты шарпындылығы. Құлбектің мақалаларын оқығанда сұсты, салқын бақылаушының байқауларына немесе алдынан өтуге кім-кім де ойланатын ақылман абыздың толғамдарына тұншыққандай емес, өз бауырыңның, өз досыңның сеніп сыр айта алатын мейірбан шағының шуағына бөленгендей күй кешесің. Бұлайша сезінуге оқырманды жетелейтін сиқыр - зерттеушінің өзіндік ерекшелігі, әрі шеберлігі.
Алайда ерекшелік те, шеберлік те біліммен қанаттанбаса, діттеген биіктен көріне алмайды. Мен білетін Қ.Ергөбек әдебиеттің немесе әдебиеттанудың қай мәселесіне зер салса да, соған қатысты қыруар деректермен қаруланбай, тыныш жата алмайды. Мәселен С.Мұқановқа тағдыры ұқсас, заманы ұқсас немесе өмірлік принциптері ұқсас, қандай тұлғалы қаламгерлер бар еді? Олардың көз жұмғаннан кейінгі «тағдыры» қандай? Әр буын әр кезеңде әрқалай бағалануы салдарынан қаламгердің әдебиет тарихындағы, қоғам, халық тарихындағы орны мен қызметі қалай анықталмақ? «Қызды-қыздымен» артық кетіп жатқан жоқпыз ба? Мұндай күрделі сауалдарға жауап беру үшін зерттеушінің өзіндік аналитикалық пайымы қанша терең болса да, жалпы әдебиет тарихындағы мысалдармен салыстырғаны, сол арқылы барып, байыпты байламы шегеленгені ләзім. Солай еткенде, көпке тез, оңай ұғылады, тез қабылданады. Ал, арғы-бергіні, Айнала мен Алысты шарлау үшін уақыт та, ұшқырлық та керек.
Міне, осы орайда Құлбек қаламының елгезектігін, ерекше еңбекқорлығын атап айтқым келеді. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында ең көп мақала жазған екі үлкен ғалым бар. Біріншісі – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Рахманқұл Бердібай болса, екіншісі - бүгінде жетпістің биігінен айналасына көз салып, көркейіп, көз тартып тұрған Құлбек Ергөбек. Екеуі де әр жылдары газеттерде істеп, журналистік мектептен өткен, шындалған, шыныққан шымырланған жандар.
Осындай мектептен абыроймен өткен, әрі туабітті талантты қаламгерге еңбекқорлық қосылғанда, автордың өзі үшін де, әдебиет үшін де, берекелі ізденістер, сүбелі еңбектер дүниеге келетіні айқын. Салыстыра қарасақ, Құлбектің қатарында да, одан бірер жас үлкен біздің қатарымызда да ол сияқты өндіртіп жазған ешкім көзге түспейді. Ұдайы еңбек, ізденіс өрісінен шықпай, өзін өзі қамшылап, өмірін өз елінің рухани есеюіне бағыттаған, осынау асыл мұрат, ұлы шеру жолында қажымай-талмай келе жатқан Құлбектің басқаны қайталамай, тек өзінше айтуға, өз жүрегінің қызуын жеткізуге ұмтылған ой-толғаныстары, байыпты пікірлері - қазақ әдебиеттану ғылымының белгілі бір кезеңдегі сипаттарының, алуан ізденістерінің куәсі.
Бір қарағанда, иі жұмсақ, илеуге оңай көнетіндей көрінгенімен, көзі жеткен, көкірегінде берік орныққан тұғырынан ауытқымайтын, шындықты, әділет сөзін кімге де болсын бетіне айта алатын батылдығы мен шешімталдығы Құлбек Ергөбектің азаматтық, шынайы сыншылық келбетін ажарлай түседі.
Оның жарты ғасырдан асатын шығармашылық жолындағы барлық еңбектерін, азаматтық келбетін бір мақалада түстеп таныту, түгесіп айту мүмкін емес. Сыншылдығы, публицистігі, жазушылығы, журналистігі, әңгімешілдігі, зерттеушілігі сияқты шығармашылық қырлары мен кішіпейілділігі, адалдығы, әділеттігі, қарапайымдылығы, бауырмалдығы, тапқырлығы, инабаттылығы, мейірбандылығы сияқты азаматтық айшықтарының әрқайсысы арнайы әңгіменің арқуына айнала алады.
Қазір нағыз дер шағына келген, толған-толысқан Құлбек Ергөбек сияқты елі үшін еңселі еңбек сіңіріп келе жатқан, бергенінен әлі де берері көп, оған мүмкіндігі әбден жететін жетелі ғалым, жүйрік қаламгер, абзал азаматтың ортамызда жүруі - қаламдастары – біздер үшін де қуаныш. Осы қуаныштың нұры тасып, шұғыласы шалқи берсін дейміз. Қай қиырдан басталып, қай түкпірге алып барары белгісіз Тіршілік атты ғажайып телегейде Құлбек атты бір шырақтың өшпей жанып тұрғаны қашанда жанымызға қуаныш әкеледі, жүрегімізге жылылық дарытады. Осындай замандастарымыздың барын медеу тұтып, өмір мұхитында біз де жүзіп келе жатқан сияқтымыз...
Сөз соңында айтарым: Құлбек Ергөбектің салыстырмалы әдебиеттану тұғырынан қазақ балалар әдебиетінің жетістіктері мен кемшіліктерін түрік халықтары балалар әдебиеті контексінде талдап саралайтын, тақырыптық ауқымы аса кең «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деп білемін.
БЕКЕН ЫБЫРАЙЫМ,
жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының, Халықаралық Алаш, «Алтын қалам», «Алтын жебе», Қасым Аманжолов сыйлықтарының иегері