Әнші Қанат Үмбетов тойға бармай, алдын ала алған ақшаны қайтармады деп айыпталды
Нақты қанша төлем жасалғанын да білмейміз дейді әншінің менеджері.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде әнші Қанат Үмбетовке қатысты дау шықты. Threads желісінде жарияланған жазбада өнер иесі тойға келмей, алдын ала алған ақшаны қайтармағаны айтылған.
Жазба авторының сөзінше, ол 28 маусым күні анасының мерейтойына Үмбетовті шақырып, 100 пайыз төлемді алдын ала жасаған. Әнші қайын ағасының досы болғандықтан, сенім артып, қаражатты еш күмәнсіз аударғандарын айтады. Алайда мерейтой күні әнші телефонға жауап бермеген. Кейіннен оның басқа мейрамханада өнер көрсеткенін байқаған.
«Екі айдан аса уақыт өтті. Ақшаны қайтаратын түрі жоқ. Көмекшілері де «біз ештеңе білмейміз» деп отыр. Осындай жағдайға тап болмаңыздар. Қайын ағам да іздеп жүр, бірақ телефон көтермейді», – деп жазды желі қолданушысы.
Оқиғаға байланысты Stan.kz тілшілері Қанат Үмбетовтің өзіне хабарласуға тырысқан, бірақ әншінің телефоны сөндірулі болған. Оның арт-директоры Азамат бұл жағдайға менеджерлердің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Қаскелеңдегі тойды айтып отырған сияқтысыз. Қанаттың екі менеджері бар. Барлық тапсырысты біз аламыз. Бірақ бұл ретте ол таныстары арқылы келісіп қойған екен. Бізге ескертпеген. Сондықтан нақты қанша төлем жасалғанын да білмейміз. Қанат бізбен де байланысқа шықпай отыр», – деді ол.
Желі қолданушылары бұл жайтқа қатты ашуланып, әншіні сынға алды.
«Әншілерді шақырмау керек», «Ақшаға құныққан», «Арыз жазу қажет», «Екі ай бойы ақшаны қайтармау деген сұмдық», – деген пікірлер жазылды.
Материал авторы