SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты активтерді зерделеу жүріп жатқанын растады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайыттың айтуынша, сот шешімімен Нұрбол Назарбаев 57 млрд теңге көлеміндегі активтерінен айырылып, оған қосымша 925 млн теңге айыппұл және 230,4 млн теңге өтемақы салынған. Сонымен қатар, оның барлық банк есепшоттары бұғатталған.
Депутат Бас прокуратурадан Нұрбол Назарбаевқа тиесілі компаниялар мен активтерге толық түгендеу жүргізуді және заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтаруды сұраған.
Берік Асылов бұл бағыттағы жұмыстар заң аясында жүргізіліп жатқанын айтып, депутаттар ұсынған мәліметтер активтерді елге қайтару және заңсыз иелену фактілерін тергеу барысында ескерілетінін мәлімдеді.
Айта кетсек, жуырда Нұрбол Назарбаев аты аталған іс бойынша тергеу қайта жанданған. Тергеу «PORUS» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 16 пайыз үлесті заңсыз қайта тіркеу ісіне қатысты.
Бұған дейін Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевпен соттасып жатқанын жазған едік.
RUS