Есірткімен ұсталған рэпер Qarakesek енді көше тазалап жүр
Әнші Наурыз мерекесінен кейін жұмысқа кірісіп, белгіленген 100 сағатты өтеуде.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Qarakesek лақап атымен белгілі әнші Омар Амантаев сот үкіміне сәйкес қоғамдық жұмысқа тартылып, Ақтөбеде көше тазалау жұмыстарына кірісті.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сот қаулысы Алматы ауданы әкімдігіне жолданған. Өз кезегінде аудан әкімдігі оны қаладағы тазалыққа жауапты мердігер ұйым – Damu Life ЖШС-не бекіткен.
Компания басшысы Жандос Ерекешовтің айтуынша, әнші Наурыз мерекесінен кейін жұмысқа кіріскен. Қазіргі уақытта ол белгіленген 100 сағаттық қоғамдық жұмыс аясында көше тазалаушы ретінде еңбек етуде.
«Ол бізге жіберілді, қазір көше тазалау жұмыстарын атқарып жатыр. Белгіленген уақыт толық өтеледі. Компания қызметкерлеріне қатысты қосымша ақпарат берілмейді. Біздің ұйым Ақтөбедегі Заречный тұрғын алабына жауапты. Мұнда аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен саябақтар тазаланады», – деді компания өкілі.
Еске салсақ, өткен жылдың күзінде Ақтөбеде есірткіге мас күйде көлік басқарған Qarakesek ұсталған болатын. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотта Омар Амантаев өз кінәсін мойындаған.
Материал авторы