308

Атышулы «Kyzdar.net» ісі бойынша күдікті әйел Қазақстанға жеткізілді

Өзбекстан азаматы трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында жеңгетайлық жасады деген күдікке ілініп, қазір тергеу изоляторында отыр.

Атышулы «Kyzdar.net» ісі бойынша күдікті әйел Қазақстанға жеткізілді
Бас прокуратура

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан құқық қорғау органдары Грузиядан «Kyzdar.net» сайтына қатысты атышулы іске қатысы бар Өзбекстан азаматын елге қайтарды. Ол трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында жеңгетайлық жасады деген күдікке ілінген. Әйелге мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. 

Күдіктіні Қазақстанға Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері жеткізген. Операцияға Қазақстанның Грузиядағы елшілігі де қолдау көрсеткен.

Тергеу деректеріне сәйкес, әйел ұйымдасқан топтың өзге мүшелерімен бірге интимдік қызмет көрсететін адамдардан өтінім қабылдаған. Олар өз қызметтерін сайтта жарнамалап, анкеталарын ілгерілету үшін арнайы есепшоттарды толықтырып отырған.

Алынған қаражаттың бір бөлігін топ мүшелері комиссия ретінде ұстап қалып, қалғанын сайт ұйымдастырушыларына аударған. Тергеу нұсқасы бойынша, мұндай жүйе заңсыз жеңгетайлық схемасының үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берген.

Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталып, бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті әйелді қоса алғанда, өзге қатысушылар тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.

Биыл шілдеде әйел Грузия аумағында ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауынан кейін ол елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Грузияда халықаралық іздеуде жүрген Kyzdar.net сайтының менеджері де ұсталған болатын. 

Материал авторы