364

Жәнібек Әлімханұлы рингке оралатын күнін жариялады: алғашқы қарсыласы кім?

Допинг дауына байланысты бірқатар шектеуге тап болған қазақстандық спортшы енді кәсіпқой рингке қайта оралмақ.

Жәнібек Әлімханұлы рингке оралатын күнін жариялады: алғашқы қарсыласы кім?
janibek_alimkhanuly

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, боксшы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингке қайта оралатын күнін мәлімдеді. Ол 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында жергілікті боксшы Якоб Банкпен жұдырықтасады. Бұл – допинг дауы мен уақытша шеттетуден кейінгі алғашқы жекпе-жегі. 

Әлімханұлы алдағы кездесу туралы Instagram парақшасында жазды. Оның мәліметінше, жекпе-жек екінші орта салмақта, яғни 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді. Кездесуде WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

Бұған дейін қазақстандық боксшы орта салмақта өнер көрсетіп, WBO және IBF чемпиондық белбеулерін иеленген. Кәсіпқой мансабында ол 17 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен.

Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған еді. B сынамасын қайта тексеру де алғашқы нәтижені растады. Осы жағдайға байланысты WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды.

2026 жылғы ақпанда WBO боксшыны бір жылға жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдап, чемпиондық белбеуін өзінде қалдырды. Ал наурызда IBF оны орта салмақтағы чемпиондық атағынан айырды. Кейін WBO Әлімханұлының шеттетілу мерзімін мерзімінен бұрын тоқтатты.

Боксшы бұған дейін тыйым салынған препаратты әдейі қабылдамағанын мәлімдеп, дисквалификацияға қатысты шешімге шағым түсірген болатын. 

Материал авторы