348

Ерлан Көкеев «АБК» тобын Қыдырәлі Болманов құрмағанын айтты

Әнші топтың құрылу тарихына қатысты өз нұсқасын айтып, бастаманы Болмановқа телитін пікірді жоққа шығарды.

Ерлан Көкеев «АБК» тобын Қыдырәлі Болманов құрмағанын айтты
instagram.com/yerlankokeyev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Ерлан Көкеев «АБК» триосының қалай құрылғанын айтып, топты жасақтау бастамасы Қыдырәлі Болмановтан шықты деген пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, үшеуі алғаш рет студияда ән жазу кезінде бірге ән айтқан. 

«Қыдырәлі маған ренжімесін, бірақ ол үнемі: “Бұл менің идеям” деп айтады. Алайда шын мәнінде олай болған жоқ», – деді Ерлан Көкеев.

Әншінің айтуынша, ол кезде аранжировка жасаумен айналысып, «Қайдасың» әнін жазып жатқан. Алдымен шығарманың үш вокалдық партиясын да өзі орындап көргенімен, нәтижесіне көңілі толмаған. Кейін студияға келген Қыдырәлі Болмановтан партиялардың бірін жазып беруін өтінген. Ал жоғарғы вокалдық партияны кейін Медеу Арынбаев орындаған.

Осыдан кейін Көкеевті қала күніне арналған мерекелік шарада өнер көрсетуге шақырған. Ол сахнаға студияда бірге жұмыс істеген әріптестерімен шығуды ұсынған.

Көкеевтің естелігінше, концерт жүргізушісі сахнаға «АБК» тобын екі рет шақырғанымен, музыканттар өздерін айтып тұрғанын бірден түсінбеген. Тек жүргізуші үшеуінің тегін атағаннан кейін ғана шақырту оларға бағытталғанын аңғарған.

Осылайша, Арынбаев, Болманов және Көкеев фамилияларының алғашқы әріптерінен құралған «АБК» атауы топтың ресми атауына айналған.

Көкеевтің сөзінше, кейін Қыдырәлі Болманов топтың продюсері болып, ұжымның дамуына қаржы құйған әрі демеушілер іздеген. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор