«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталғаны расталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отышиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отышиевтің ұсталғанын растады. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
ҰҚК мәліметінше, 2026 жылғы 11 қарашада Комитеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отышиевті, сондай-ақ өзге де адамдарды ұстаған.
«11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі “Самұрық-Қазына” АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыповты, “ҚТЖ” ҰК АҚ басқарма төрағасы Е. Отышиевті және басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады», – деп мәлімдеді ведомство.
Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кіріскен.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов инвестициялық жобалардың мерзімінде аяқталмауына байланысты «Самұрық-Қазына» басшылығын сынға алған еді.
Сонымен қатар «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов жаңа энергетикалық қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерін бақылау жеткіліксіз болғаны үшін қызметінен босатылған болатын.
Материал авторы