1016

Астанада сүйіктісін өлтірген жігіт қыздың Таиландқа жинаған ақшасын досына аударған

Бойжеткен Таиландқа бару үшін ұзақ уақыт ақша жинаған, алайда сапарына бірнеше күн қалғанда танысының қолынан қаза тапқан.

Астанада сүйіктісін өлтірген жігіт қыздың Таиландқа жинаған ақшасын досына аударған
Kozachkov offside

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада интернет арқылы танысқан қызды өлтірген ер адам оның банк шотындағы ақшаны досының есепшотына аударып, кейін қаладан қашуға әрекеттенген. Ол марқұмның жинаған қаражатын қолма-қол шешіп алуды жоспарлаған. Сот айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Kozachkov offside Telegram арнасы хабарлады.

Арна мәліметінше, Алина мен Владислав 2026 жылдың қаңтарында интернет арқылы танысып, араласа бастаған. Алайда біраз уақыттан кейін бойжеткен жігіттің өзіне лайық емес екенін түсініп, бұл туралы әпкесі мен тәтесіне айтқан. Кейін ол қарым-қатынасты тоқтатып, Таиландқа саяхаттауға дайындалған. Қыз сапарға ақша жинап, тіпті жолға киетін жаздық киімдерін де сатып алған.

4 ақпанда екеуі қайта кездескен. Алдымен бірнеше жерге барып, сыра ішкен, кейін Алина уақытша тұрып жатқан пәтерге барған. Жарияланған дерекке сәйкес, сол жерде Владислав қызды тұншықтырып өлтірген.

Осыдан кейін ол марқұмның банк шотындағы барлық ақшаны досының есепшотына аударып, ештеңе болмағандай такси шақырған. Кейін көңіл көтеруді жалғастырған. Досы ақша аударымының себебін сұрағанда, Владислав оған смайликпен жауап берген.

Келесі күні ол досынан ақшаны қолма-қол шешіп беруін өтінген. Ер адам сол қаражатпен Таразға кетуді жоспарлаған. Алайда жол үстінде полиция қызметкерлері оны ұстаған.

Бұл уақытта Алинаның жақындары бойжеткеннен хабар болмаған соң, іздей бастаған. Қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермегеніне алаңдаған әпкесі құрбысымен бірге қыздың пәтеріне барып, оның денесін тапқан.

Айыпталушы кісі өлтіру айыбын өзгертуді сұраған

Сотта Владислав Андрюшкин ақшаны ұрлағанын мойындағанымен, адам өлтіруді қасақана жасамағанын алға тартып, әрекетін абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабына қайта саралауды сұраған.

Алайда судья Саят Ташимбаев қылмыстың қасақана жасалғаны туралы қорытындыға келген. Нәтижесінде айыпталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген.

Марқұмның әпкесі сот шешіміне наразы

Алинаның әпкесі Александра тағайындалған жазаны әділ деп санамайтынын білдірген. Оның пікірінше, адам өлтіргені үшін берілген жаза қылмыстың ауырлығына сай болуы керек.

«Бір күні ол түрмеден шығып, жақындарының жанына оралады, өмір сүруін жалғастырады. Ал менің сіңлім мәңгілік қара жердің астында қалды», – деп жазған марқұмның әпкесі. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор