Петропавлда жоғалған 13 жастағы баланы пештің ішінен тапты
13 жастағы оқушы таңертең үйінен шығып жоғалып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында таңертең үйінен шығып, қайта оралмаған 13 жастағы оқушыны полицейлер сәндік пештің ішінен тапты. Алтыншы сынып оқушысы суықтан қорғану үшін пешке кіріп, сол жерде ұйықтап қалған.
Полицияға баланың жоғалғаны туралы хабар 10 қараша күні сағат 17:30 шамасында түскен. Жұмысшы кентінің тұрғыны таңертең үйден шыққан ұлының әлі оралмағанын айтып, көмек сұраған. Жасөспірімнің жанында ұялы телефоны болмаған.
Оқушыны іздеуге патрульдік полиция жасақтары мен арнайы жедел әрекет ету бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылған. Сонымен қатар кенттің адам жетуі қиын аумақтары мен маңайын тексеру үшін үш дрон іске қосылған. Полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды да қарап шыққан.
Іздеу жұмыстарына Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі Төребек Қалелов қатысқан. Ол камера жазбаларынан баланы байқап, жүріп өткен бағытын анықтаған. Бейнежазбалар жасөспірімнің кент шетіндегі Зайцев көшесіне қарай бет алғанын көрсеткен.
Сағат 18:30 шамасында полицейлер баланы үйлердің бірінің жанында орнатылған сәндік пештің ішінен тапқан. Жасөспірім тәртіп сақшыларына тоңғандықтан жылыну үшін пешке кіріп, ұйықтап қалғанын айтқан. Кейін оны аман-есен үйіне жеткізген.
Ведомство мәліметінше, бала бұған дейін үйінен кетіп көрмеген. Оның мұндай әрекетке бару себебін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлері анықтайды. Қазір жасөспіріммен және ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Материал авторы