Айсұлтан Сейітов танымал кореялық топқа клип түсірді
Режиссер LNGSHOT тобының Bananas әніне бейнебаян түсіріп, K-pop индустриясындағы алғашқы жұмысын таныстырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, режиссер Айсұлтан Сейітов оңтүстіккореялық LNGSHOT тобының Bananas әніне бейнебаян түсірді. Бұл – оның K-pop индустриясындағы алғашқы жобасы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.
Сейітов Instagram парақшасында жаңа жұмысы туралы хабарлап, оңтүстіккореялық ұжымға бірлескен шығармашылық үшін алғыс білдірді. Режиссердің айтуынша, LNGSHOT тобымен жұмыс істеу оған үлкен мәртебе болған.
«K-pop саласындағы алғашқы жұмысым. Оны LNGSHOT тобымен бірге жүзеге асыру мен үшін үлкен мәртебе. Сенімдеріңізге, күш-жігерлеріңізге және шығармашылық үндестік үшін рақмет!» – деп жазды ол.
Бейнебаян топтың YouTube арнасында жарияланды. Клиптің соңындағы титрде Айсұлтан Сейітов режиссер ретінде жеке көрсетілген. Bananas композициясы 10 қарашада жарық көрген S.W.I.S.H. атты жаңа мини-альбомға енген.
LNGSHOT – төрт жігіттен құралған оңтүстіккореялық музыкалық топ. Оның құрамында Оюль, Рюль, Уджин және Луи бар. Ұжым 2026 жылғы қаңтарда дебют жасап, рэпер әрі продюсер Джей Пак құрған MORE VISION лейблімен жұмыс істейді. Топ хип-хоп, R&B және поп жанрларын қатар алып жүреді. Атауы ағылшын тіліндегі Long Shot тіркесінен қысқартылған.
Қазақстандық тыңдармандар да режиссердің жаңа жұмысын назардан тыс қалдырмады. Әлеуметтік желіде қолданушылар Сейітовті құттықтап, оның халықаралық музыкалық жобаларға араласып жүргеніне қуанышты екенін жеткізген.
«Айсұлтанның келесі қадамын ешқашан болжай алмайсың», «Клиптің соңында оны Айсұлтан түсіргенін көріп, таңғалдым. Сүйікті тобым енді қазақтарды біледі», – деп жазған желі қолданушылары.
Айта кетейік, Айсұлтан Сейітов бұған дейін 21 Savage, J. Cole және A$AP Rocky секілді танымал шетелдік орындаушылармен жұмыс істеген. Қазақстанда ол «Қаш» тарихи драмасының режиссері ретінде де белгілі.
Сондай-ақ режиссердің A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірген клипі жасанды интеллект көмегімен жасалған кадрларға қатысты дау туғызған еді. Визуалды эффект маманы Cache Bunny өз жұмыстары бейнебаянда рұқсатсыз пайдаланылғанын мәлімдеген.
Кейін Сейітов пен ProdCo компаниясы клиптің бастапқы режиссерлік нұсқасын жариялады. Компанияның түсіндіруінше, бұл нұсқа 2024 жылғы қаңтарда аяқталып, тапсырыс берушіге тапсырылған. Ал дау тудырған кадрлар кейіннен бастапқы түсірілім тобының келісімінсіз қосылған.
Материал авторы