Астанада тағам дайындайтын цехтың видеосы жұрттың жағасын ұстатты (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан дайын өнімдердің еденде тұрғаны және қызметкерлердің арнайы киімсіз жұмыс істегені байқалады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде тараған кадрларда дайын өнімдердің еденде сақталғаны, ал цех иесінің қызметкерлерге көше киімімен жүргені байқалады.
Астанада тағам және нан өнімдерін дайындайтын цехтың ішкі жағдайы түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кадрлардан санитариялық талаптардың сақталуына қатысты күмән тудыратын бірнеше жайт байқалады. Ал цех иесінің қызметкерлермен сөйлесу мәнері де желі қолданушыларының наразылығын туғызған.
Видеода цех иесі жұмысқа кешігіп келген қызметкерлерге ескерту жасап, үшеуіне айыппұл салатынын айтады. Алайда желі қолданушылары оның тәртіп туралы сөзінен гөрі өндіріс орнындағы тазалық пен тағамды сақтау жағдайына көбірек назар аударған.
Атап айтқанда, цех иесінің өндіріс аумағында сырт киіммен және көше аяқ киімімен жүргені көрінеді. Дайын пісірілген өнімдер еденде тұрған легендерге салынған. Сондай-ақ кейбір қызметкерлердің қолғапсыз және арнайы бас киімсіз жұмыс істеп жатқаны байқалады.
Бұған қоса, видеода цех иесінің тағамды шанышқымен араластырып, дәмін татқаннан кейін сол құралды қайта пайдаланған сәті де бар. Бұл көрініс те көпшіліктің сынына ұшырады.
Желі қолданушылары өндіріс орнындағы санитариялық жағдайға алаңдап, мұндай тағамдардың қайда сатылатынын сұраған. Кейбірі дүкендерден самса, бәліш және басқа да дайын өнімдерді сатып алуға күмәндана бастағанын жазды.
«Астаналықтар, ас болсын», «Өзі бәрін видеоға түсіріп, жариялап отыр, бірақ қызметкерлерді тек тәртіп үшін жазғырады», «Таза және лас аймақтар бөлек болуы керек. Дайын тағамды картон қораптар мен жұмыртқа салатын ыдыстарға салып жатыр» деген сарындағы пікірлер жазылған.
Ал кейбір желі қолданушылары видеодағы жағдайды бүкіл қоғамдық тамақтану орындарына тән құбылыс ретінде бағалауға болмайтынын айтып, өздері жұмыс істеген таза әрі санитариялық талаптарды сақтайтын асүйлер туралы да пікір білдірген.
Оқиғаға қатысты Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әлеуметтік желідегі жазбалардың біріне жауап берген. Ведомство өкілдері жағдайды қарау үшін e-Otinish жүйесі арқылы ресми өтініш жолдап, оған қолда бар фото және бейнематериалдарды тіркеуді сұраған.
Әзірге цехтың нақты қайда орналасқаны, онда қандай өнімдер дайындалатыны және санитариялық талаптардың бұзылған-бұзылмағаны жөнінде ресми тексеру қорытындысы жарияланған жоқ.
Материал авторы