388

Мектеп терезесін сындырып, кабинетке кірген: Қаскелеңдегі оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Ер адам терезені сындырып, кабинетке кіргеннен кейін мұғалімдер оны полиция келгенше ұстап тұрған.

Мектеп терезесін сындырып, кабинетке кірген: Қаскелеңдегі оқиғаға қатысты тың дерек шықты
instagram.com/kaskelenkz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Қаскелең қаласында жартылай жалаңаш ер адам мектеп аумағына заңсыз кіріп, оқу кабинетінің терезесін сындырған. Мұғалімдер оны полиция келгенше кабинетте ұстап тұрған. Оқиға кезінде оқушылар мен педагогтер зардап шекпеген.  

Оқиға 11 қарашада Әлімқұлов атындағы орта мектепте сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның терезені сындырып, кабинет ішіне кіргені көрсетілген.

Жергілікті паблик оқиғадан кейін мектептегі күзет қызметінің жұмысына қатысты сұрақ көтерді. Желі қолданушылары бөгде адамның оқу орнының аумағына еш кедергісіз қалай кіргенін және сол сәтте күзеттің қайда болғанын сұраған.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Оқушылар мен педагогтер арасында зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық істі тергеу аясында күдіктінің психикалық денсаулық жағдайы да тексеріледі», – деп хабарлады полиция.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, оқиға кезінде шұғыл шаралар қабылданған. 102 және 103 қызметтеріне хабар беріліп, дабыл түймесі басылған. Ер мұғалімдер кабинетке жедел жетіп, полиция келгенше ер адамды ұстап тұрған. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылған.

Қаскелең қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, оқушыларға психологиялық қолдау көрсетілген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары мектеп кабинетінің терезелері мен жалпы жағдайына да назар аударған. Көпшілік терезелердің тозығы жеткенін айтып, білім беру мекемесіндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді. 

Материал авторы