1072

«Сәттілік барабаны» сынып қалды: Қазақстанда блогерлерге тықыр таянды

Гив пен құрдым: Жанабыловтардың үлгісі бай-бағылан блогерлер дәуірлеген «жылымық дәуренінің» аяқталғанын аңғартты ма?

«Сәттілік барабаны» сынып қалды: Қазақстанда блогерлерге тықыр таянды
smartnews.kz коллажы

«Жанабыловтар ісі» тек осы бір отбасының тағдыры емес, «инфобизнес» пен заңсыз ұтыс ойындарының бір тамырына балта шапқан құқықтық прецедентке айналғандай. Виртуалды әлемдегі жауапсыздық кезеңін келмеске жіберіп, салада заң мен тәртіп орнатып,оны бұзғаны заң алдында жауап берер заман туып жатыр.

Сот үкімі: теміртордың көлеңкесіндегі еркіндік

Сонымен, бұған дейін smartnews.kz жазғандай, 27 сәуірде прокурор блогерлердің кінәсін толық мойындап, 247 миллион теңгеден астам шығынды өтеуіне байланысты жасалған процестік келісім аясындажаңа мерзімдерді жариялады: Эльмира Төлегенованы жазасын өтеуді кейінге қалдыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру. Ерболат Жанабыловты 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру.

Судья прокурор ұсынған мерзімдермен келісті. Қысқасы, екеуі де әзірге еркіндікте қалады. Эльмира сол бойы түрме ботқасының дәмін татпауы да мүмкін: ана ретінде рақымшылыққа ілігіп кетуден дәмелі.

Олардың қорғаушысы Гаухар Айтжанова бұл екеуінің сот шешіміне қанағаттанғанын, үкімге қарсы шағым түсірмейтінін мәлімдеді. «Неге еріне шартты мерзім, оның әйеліне нақты мерзім берілді?» деген сауал қойды журналистер. Прокурордың талабы сондай болыпты.

«Мен қорғауымдағы тұлғалардың бостандықта қала беретініне ризамын. Төлегеноваға қатысты бас бостандығынан айыру мәселесіне келсек, бұл прокурордың талабы болды. Бұл бізге ұсынылған шарттар. Біз онымен келістік», — деді адвокат.

Ол жазаны өтеудің екі жылға шегерілгенін, осы кезеңде біраз нәрсе өзгеріп кететінін, мысалы, әйел жазасының жеңіл түріне ауыстырылуы немесе мүлдем құтылуы мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл енді Эльмираның осы екі жылды қалай өткізетініне байланысты. Тәртіпті болу керек. Сонда жазаны жеңіліне ауыстыру немесе оны орындаудан мүлдем босату мүмкіндігі бар», — деді қорғаушы.

Сондай-ақ, ол жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты қос блогерге де амнистия қолданылуы ықтимал екенін де жасырмады.

Блогерлер ішіндегі ең байы әрі танымалы болған Жанабыловтартеміртор «тұрғынына» айналмады. Бірақ екі жыл — олардың қоғамдық тәртібін, заңға бағыну деңгейін сынайтын үлкен емтихан болмақ.

«Жаңа бизнес» пен жалған барабанның құпиясы

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген болатын. Ведомствоның дерегінше, Instagram әлеуметтік желісінде ерлі-зайыптылар көп миллиондық аудиториясының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған. Олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Қымбат сыйлықтар ұтысына қатысудың талабы аталған «курстарды» сатып алу болған.

ҚМА ақпараты бойынша жүлде қоры Жанабыловтардың жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен қаражат есебінен қалыптастырылған.


Сурет: Tengrinews.kz

«Электрондық «сәттілік барабанының» параметрлерін қолдан өзгерту фактілері анықталды, салдарынан 5 000 теңгелік ұсақ жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылған, ал анағұрлым құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі өте төмендетілген. Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөліктіңтабысталатынын мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлықтар табысталмаған», деп түсіндірді агенттік.

Аңқау халық бұлардың «Zhana Business» ЖШС-сінің бақылауындағы шоттарына жалпы сомасы 247,5 миллион теңгесін жинап берген.

Мониторингтің ұзын құрығы: 25 мың заң бұзушылық

Бұл іс жекелеген оқиға емес, жүйелі тексерістің бастауы сияқты. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесе қимылдауға көшті.

Осының алдында бір топ сенатор осы агенттікке жүгініп, әлеуметтік желілерде ұтыс және гивтер ұйымдастыратын барлық блогерлерді әшкерелеуді сұраған еді. Сондай-ақ заңсыз жарнама таратушылардың, делдалдық төлем ұйымдарының және жарнама агенттіктерінің қызметінің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторингті енгізуді ұсынды.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, масс-медиа, сондай-ақ онлайн-платформалардың, интернет жүйесінде өнімдердің қолданыстағы заңнаманың бұзушылықтарын анықтау тұрғысынан мониторинг жүргізу Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүктелген.

Бұл ретте 2025 жылдың басынан бастап әлеуметтік желілерде онлайн-лотерея ұйымдастырғаны үшін агенттік материалдары бойынша әкімшілік жауапкершілікке 65 адам тартылған (445-1-бап «Лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзушылық»), оларға 20 млнтеңгеге айыппұл салынған.

Ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша бұзушылық анықталған жағдайда, интернет-ресурстар мен онлайн-платформалардың иелеріне, сондай-ақ құқыққа қарсы материалдарды жою үшін құқық қорғау органдарына хабарлама жіберіледі.

Министрлік 2025 жылғы 5 қаңтардан 10 қыркүйекке дейінгі мониторинг қорытындысында 25,5 мың түрлі заң бұзушылықты анықтады. 10,5 мың интернет-ресурс пен сілтемелерді бұғаттау туралы 198 ұйғарым шығарды. Интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердің иелеріне 140ескерту хаты жіберілді.

Болашаққа бағдар: лицензия ма, әлде бақылау ма?

«Жанабыловтар феномені» қайталана бермеуі үшін депутаттар блогерлердің қызметiн лицензиялауды немесе тiзiлiмiн қалыптастыруды ұсынып жүр. Бірақ бұдан билік әзірге бас тартуда.

Оның орнына заңнама өзгертіліп, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» жаңа заңында блогер, инфлюенсер ұғымы енгізілді. Олардан дара кәсіпкерлігін тіркеу талап етіледі, бизнесін заң жүзінде жүзеге асыруға міндеттелді.

«Жарнамалық қызметтен табыс табатын блогерлер (инфлюенсерлер)қазірдің өзінде құқықтық реттеу саласына жатады. Оларға салық міндеттемелері, жарнама және онлайн-платформалар туралы заңнама талаптары таралады. Министрліктің бізге берген мәліметінше, көзделген әкімшілік жауапкершілік онлайн-платформаларды пайдаланушылардың, оның ішінде блогерлердің (инфлюенсерлердің) заңнаманы сақтауын қамтамасыз етеді және реттеудің қосымша тетігін белгілеу талап етілмейді», деді Қайрат Бижанов.

Сонымен бірге ол әлеуметтік желіде блогерлердің ауқымды аудиториясына жалған курстар мен тауарларды сатып алуға айырбас ретінде бағалы сыйлықтар ұтыстарын өткізу практикасының өскенін жеткізді. Ғаламторда пікір білдірген кейбір қазақстандық: «компаниялар, сауда орталықтары ұтыс өткізеді ғой, онда неге блогерлерге ұтыс өткізуге болмайды?», деп сұрақ қоюда.

«Жалпы, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңының 1-бабына сәйкес коммерциялық ұйымдардың тауарлар менқызметтердің саудасын ынталандыруға бағытталған жүлделер ұтысы «лотерея өткізу» болып табылмайды. Мемлекеттік органдар тарапынан осы секторды нақты реттеудің болмауы жағдайында бұл норма нақты лотерея қызметін жасыру және азаматтардан жаппай қаражат жинау үшін пайдаланылады», деп түсіндірді агенттік.


Сурет: smartnews.kz

ҚМА осы аталған қауіп-қатерлерді жою үшін келесідей шараларды заңмен бекітуді ұсынады: біріншіден, онлайн-курстарды өткізу және бақылау тәртібін белгілейтін заңға тәуелді актіні әзірлеу қажет. Онда блогерлерден уәкілетті органды хабардар етуі, сондай-ақ, жария офертаны сабақтардың саны, тақырыптары және күтілетін нәтижелер туралы мәліметтерді орналастыру талап етілуге тиіс.

Екіншіден, онлайн курстардың сапасын сертификаттау жүйесін енгізукерек. Үшіншіден, адамдарды кеңінен тарту мақсатында ойдан шығарылған тауарды «сатуға» тосқауыл қою үшін тауар-қызметтердің құны мен жүлде қорының бір-біріне сәйкестігіне бақылау енгізілмек.

Төртіншіден, «мөлдірліктің» минималды стандарттары белгіленуі мүмкін. Соның ішінде мысалы, ұтыс қорытындыларын хаттамамен ресми тіркеу, жеңімпазды жалған емес, шын мәнінде кездейсоқ таңдаужәне басқа да міндеттер енгізілуі мүмкін.

Осы және басқа ұсыныстар Парламентте қаралып жатқан жаңа заң жобасы аясында пысықталатын болды.

Блогерлік — бұл тек сәнді өмірдің суреті емес, ол — үлкен жауапкершілік пен салықтық міндеттеме. Виртуалды әлемдемиллиондаған аудиториясынан ақша жинайтындардың көңіліне желік бітіп, өздерін бәрінен биікпін деп санай бастауы мүмкін. Бірақ заңның талабы алдында бәрі тең болуға тиіс. Ендігі кезекте блогерлер «лайк» жинаумен қатар, заң нормаларын жаттауға мәжбүр болады. 

Материал авторы