926

АҚШ Иранға қайта соққы жасады

Apache тікұшағынан кейін Вашингтон Иранға әскери соққы берді.

АҚШ Иранға қайта соққы жасады
Alex Kraus / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Қарулы күштері Иранның Ормуз бұғазында америкалық Apache шабуылдаушы тікұшағын атып түсіргеніне жауап ретінде ел аумағындағы нысандарға қайтадан соққы жасады. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, операция Иранның «негізсіз агрессиясына пропорционалды жауап» ретінде жүргізілген. Ведомство шабуыл туралы X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп та әскери әрекетті қолдайтынын мәлімдеді. ABC News арнасына берген сұхбатында ол жауаптың «өте күшті әрі қуатты болуы тиіс» екенін айтып, қазіргі операция дәл сондай сипатта өтіп жатқанын жеткізді.

Axios басылымының дерегінше, америкалық күштердің негізгі нысаналары Ормуз бұғазы маңындағы бірнеше әуе қорғанысы жүйесі мен радиолокациялық станциялар болған. Ал Иран ақпарат құралдары елдің оңтүстігіндегі жағалау аймақтарында жарылыстар болғанын хабарлады. Tasnim агенттігінің мәліметіне сәйкес, жарылыс дауы Сирик және Минаб қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында естілген.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Вашингтонға қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.

«АҚШ әскери майдандағы сәтсіздіктеріне қарамастан біздің табандылығымызды тексеруге бел буды. Қуатты қарулы күштеріміз ешбір шабуыл мен қоқан-лоқыны жауапсыз қалдырмайды. Қауіпсіздікті қаласаңыздар, аймақтан кетіңіздер», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Кейін Tasnim агенттігі Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының мәлімдемесін жариялап, Тегеранның АҚШ нысандарына қарай зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар ұшырғанын хабарлады.

Бірнеше сағаттан кейін CENTCOM операцияның аяқталғанын мәлімдеді. Қолбасшылықтың хабарлауынша, америкалық күштер Иранның әуе қорғанысы объектілеріне, жерүсті басқару бекеттеріне және Ормуз бұғазы маңындағы радиолокациялық станцияларына соққы берген.

Бұған дейін Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Apache тікұшағының апатына байланысты Иранға қарсы жауап шаралары қабылданатынын ескерткен еді. Оның сөзінше, тікұшақ Ормуз бұғазында патрульдеу кезінде ирандық әскери күштердің шабуылына ұшыраған. Президент екі ұшқыштың да аман екенін және қауіпсіз жерге жеткізілгенін айтты.

Алайда Associated Press агенттігіне пікір білдірген америкалық шенеунік тікұшақтың ирандық дронмен соқтығысу нәтижесінде құлаған болуы мүмкін екенін жеткізген. Оның айтуынша, соқтығысудың әдейі ұйымдастырылғаны немесе кездейсоқ болғаны әзірге анықталмаған. Ресми мәлімдемелерде бұл нұсқа айтылмайды.

Соңғы күндері АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты жарияланған атысты тоқтату режиміне қарамастан өңірдегі ахуал бірнеше рет шиеленісті. 7 маусымда Иран сәуір айынан бері алғаш рет Израильге зымыран атқанын мәлімдеді. Тегеран мұны Израильдің Бейруттағы «Хезболла» қозғалысы шоғырланған аудандарға жасаған әуе шабуылдарына жауап деп түсіндірді. Бұған жауап ретінде Израиль де Иран аумағындағы нысандарға соққыларын қайта бастаған.

8 маусымда тараптар уақытша бітім жариялағанымен, әскери әрекеттер толық тоқтаған жоқ.

Бір қызығы, Иранға қарсы жауап операциясы басталардан бірнеше сағат бұрын Дональд Трамп Тегеранмен бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары екенін айтқан болатын.

«Өте жақсы келісімге апаратын соңғы кезеңде тұрмыз», – деген АҚШ президенті келіссөздер алдағы екі-үш күн ішінде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Материал авторы