Иран АҚШ-тың көптеген әскери ұшағын жойғанын мәлімдеді
Иран Батыс Азиядағы америкалық базаларға жасаған шабуыл нәтижесін жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) америкалық әскери авиация орналасқан нысандарға соққы жасап, көп мөлшердегі жойғыш ұшақты жойғанын мәлімдеді.
ИРСК таратқан ақпаратқа сәйкес, шабуыл АҚШ-тың F-35, F-15 және F-16 жойғыш ұшақтары орналасқан орындарға бағытталған. Иран тарапы операция барысында 12 баллистикалық зымыран қолданылғанын хабарлады.
Әскери құрылымның мәлімдеуінше, шабуыл тек ұшақтар тұрған нысандармен шектелмеген. Сонымен қатар Иордания аумағындағы Әл-Азрақ әскери әуе базасы мен басқару орталығы деп сипатталған нысандар да нысанаға алынған.
ИРСК өкілдері операция нәтижесінде «көптеген жойғыш ұшақ жойылды» деп мәлімдеді. Алайда бұл ақпаратқа қатысты АҚШ тарапынан әзірге ресми растау жарияланған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иран күштері Ормуз бұғазы үстінде америкалық Apache тікұшағын атып түсіргенін хабарлаған болатын.
Соңғы күндері Вашингтон мен Тегеран арасындағы жағдай күрт шиеленісті. Дональд Трамп соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде ілгерілеу болмағанын айтып, АҚШ Иранға қарсы соққыларды қайта бастайтынын мәлімдеген еді. Кейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иран аумағына жаңа шабуылдар жасалғанын растады.
Бұған жауап ретінде Иран Ормуз бұғазын барлық кемелер үшін жапқанын жариялады. Сонымен қатар жергілікті ақпарат құралдары ИРСК Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға қарсы зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып шабуыл операциясын бастағанын хабарлады.
Материал авторы