«Қайта-қайта ғашық болу»: Бибісара Асаубаева өзбек шахматшысымен бірге Парижде жүр
Асаубаева мен Синдаровтың Париждегі кадрлары желіде қызу талқыланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында Париж қаласынан кадрлар бөлісті. Жарияланымда өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров та көрінеді.
Бұған дейін де қос спортшының арасында жақын қарым-қатынас бар деген ақпарат тарағанымен, Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров бұл жайлы ресми мәлімдеме жасамаған.
Парижде шахматшылар әйгілі «Диснейлендке» барып, Эйфель мұнарасы маңында серуендеген. Қазақстандық шахматшы Telegram арнасында Франция астанасындағы демалысынан бірнеше видео жариялады.
Бейнероликтердің бірінде Жавохир Синдаров Бибісара Асаубаеваның маңдайынан екі рет сүйгені байқалады. Сондай-ақ жұп «Диснейлендтегі» қамал мен Эйфель мұнарасы аясында қолдарымен жүрек белгісін көрсеткен.
«Қайта-қайта ғашық болу», — деп жазды Бибісара Асаубаева жарияланымында.
Шахматшы Instagram парақшасында да Парижден бірнеше сурет салып, бір ғана кадр таңдау қиын болғанын атап өткен.
Бұған дейін шахматшы халықаралық жарыстарға дайындық кезінде қаржыландыру мәселесі қиындағанын айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген.
Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары спортшыға қолдау білдіріп, кейбір Өзбекстан азаматтары оған көрші ел атынан өнер көрсету туралы ұсыныс жасаған. Бұл пікірталасқа Жавохир Синдаров та қатысып, символикалық түрде леп белгісін қалдырған.
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерге байланысты төлемдердің азайғанын түсіндірген. Ведомство мәліметінше, 2025 жылдан бастап спортшыларға бөлінетін қаражат спорт түрлерінің басымдық тізіміне байланысты есептеледі, ал шахмат бұл тізімге енбеген.
Сонымен қатар министрлік Sport Qory қоры арқылы Асаубаеваға халықаралық жарыстарға дайындалу үшін 100 миллион теңге бөлінгенін, ал биылғы жалпы мемлекеттік және спорт ұйымдарының қолдауы шамамен 160 миллион теңгені құрағанын хабарлаған.
Жақында Бибісара Асаубаева Norway Chess тарихындағы ең жас чемпион атанды. Жеңістен кейін ол Формула-1 Монако Гран-приі шарасына VIP қонақ ретінде барған. Сол сапарда да оған Жавохир Синдаров серік болған.
Материал авторы