Ауладан табылған мәйіт: 89 жастағы әйелдің өліміне байланысты тың дерек шықты
Солтүстік Қазақстан облысында 89 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның 66 жастағы ұлы ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында 89 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары қылмыс жасады деген күдікпен оның 66 жастағы ұлын ұстады.
Оқиға СҚО-ның Благовещенка ауылында болған. Полиция мәліметінше, қарт әйелдің денесі тұрғын үй ауласынан зорлықпен өлтірілген белгілермен табылған.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта 89 жастағы әйел 66 жастағы ұлын картоп қазуға көмектесуге шақырғаны, кейін оның мәйіті табылғаны айтылған. Сондай-ақ жарияланымдарда әйелдің балтамен өлтірілгені туралы болжам келтірілген.
Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде толық расталған жоқ.
СҚО Полиция департаменті 89 жастағы ауыл тұрғынының өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Полиция Благовещенка ауылының 89 жастағы тұрғынының өлімі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оның денесі тұрғын үй ауласынан зорлық белгілерімен табылды», – деп хабарлады ведомство.
Қылмыс жасады деген күдікпен марқұмның 66 жастағы ұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта бірқатар сараптама тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде қылмысқа түрткі болған себептер анықталып жатыр.
Материал авторы