653

Қостанайда күнбағыс майы сақталған қойма өртенді

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде тараған видеоларда аспанды жапқан қою қара түтінді көрсетті.

Қостанайда күнбағыс майы сақталған қойма өртенді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай қаласында күнбағыс майы сақталған қойма өртенді. Өртті сөндіруге құтқарушылармен бірге арнайы өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Оқиға 5 қыркүйекте Қостанай қаласындағы Ш. Жәнібек көшесінде болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ЖШС аумағындағы күнбағыс майы мен жмых сақталатын қоймада өрт шыққан.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда қаланың әр жерінен көрінген қою қара түтін бейнеленген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, түтін бірнеше шақырымнан байқалған.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, өрт Аэропорт шағын ауданындағы қоймада басталған.

Өрт сөндіруге арнайы пойыз қатысты

Құтқарушылар өртті сөндіру үшін қосымша күш жұмылдырған. Оның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының өрт сөндіру пойызы пайдаланылған.

ТЖМ мәліметінше, өрт сағат 16:07-де оқшауланған.

«Қостанай қаласында Ш. Жәнібек көшесінде орналасқан ЖШС аумағында күнбағыс майы сақтауға арналған қойма өртенді. Қазіргі уақытта өртті толық жою жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады ведомство.

Қазір өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.

Материал авторы