786

Қазақстанның жаңа вице-президенті не істейді? Ерлан Қариннің негізгі өкілеттіктері жарияланды

Мемлекет басшысы қол қойған Жарлықта Қазақстан вице-президентінің атқаратын міндеттері мен құзыреті нақты көрсетілген.

Қазақстанның жаңа вице-президенті не істейді? Ерлан Қариннің негізгі өкілеттіктері жарияланды
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктері туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта жаңа қызмет иесі Ерлан Қариннің міндеттері мен құзыреті белгіленген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Құрылтайдың пленарлық отырысында Ерлан Қаринді вице-президент қызметіне ұсынған болатын. Кейін Құрылтай депутаттары оның кандидатурасын қолдады.

Президент қол қойған Жарлықта Қазақстан вице-президентінің негізгі өкілеттіктері көрсетілген.

Вице-президент стратегиялық саясат бағыттарына жауап береді

Құжатқа сәйкес, вице-президент:

  • Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық бастамаларды әзірлеп, Президентке ұсынады;
  • Президент тапсырмасымен Құрылтай, Үкімет, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және халықаралық ұйымдармен байланыста мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді;
  • Президент тапсырмасы бойынша халықаралық іс-шараларға қатысады;
  • Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады;
  • Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жұмысын үйлестіреді.

Бірқатар комиссияларға жетекшілік етеді

Жарлыққа сәйкес, вице-президент мемлекеттік маңызы бар бірнеше комиссияның қызметін қамтамасыз етеді.

Олардың қатарында:

  • мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия;
  • азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия;
  • мемлекеттік рәміздер және ведомстволық наградалар жөніндегі республикалық комиссия;
  • шетелде кадр даярлау жөніндегі комиссия;
  • әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссия;
  • Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссия;
  • Жастар саясаты жөніндегі кеңес бар.

Сонымен қатар вице-президент Президенттің басқа да тапсырмаларына сәйкес қосымша өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.

Вице-президентке қандай құқықтар берілді?

Жарлық бойынша вице-президент:

  • өкімдер шығара алады;
  • өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма бере алады;
  • Құрылтай, Үкімет және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатыса алады;
  • мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұрата алады;
  • Президент актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құра алады.

Вице-президенттің қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз ету жұмыстарын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

Материал авторы