614

«Сержанттар ұрды»: Ақтөбедегі әскери бөлімде сарбаз соққы көргенін айтты

Әскери бөлім өкілдері сарбаздың қазір медициналық мекемеде жатқанын растады.

«Сержанттар ұрды»: Ақтөбедегі әскери бөлімде сарбаз соққы көргенін айтты
Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаз өзіне күш қолданылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, әскери бөлімдегі сарбазға қатысты оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Тергеуді Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі қолға алған.

«Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Ұлттық ұлан өкілдері.

Сарбаз өзін бірнеше адам ұрғанын айтқан

Бұған дейін сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева 18 жастағы ұлы Досымбеттің 3 шілдеден бастап Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенін айтқан.

Анасының сөзінше, 4 қыркүйекте оған ауруханадан хабарласып, ұлының медициналық мекемеде бірнеше күн жатқанын жеткізген.

Алдымен сарбазды уролог тексерген. Талдаулардан инфекция анықталмаған. Кейін травматолог шақырылып, дәрігер денсаулық мәселелерінің жарақатпен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.

Осыдан кейін сарбаз анасына әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын жеткізген. Дәрігер полиция шақырып, жас жігіт құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Анасының айтуынша, ұлы бейнебайланыс кезінде өзін аға сержант және тағы екі сержант ұрғанын айтқан.

Әскери бөлім тексеру нәтижесін күтуде

Сарбаздың анасы туыстарымен бірге Ақтөбеге баруды жоспарлап отыр.

Ал әскери бөлім өкілдері Досымбет Еркебұланның осы бөлімде қызмет етіп жүргенін және қазіргі уақытта ауруханада жатқанын растады.

Қазір оқиғаның нақты себептері, оған қатысы бар тұлғалар және сарбаздың алған жарақатының мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін құқықтық баға беріледі.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор