887

Шалқар ауданындағы балабақшада 2 жасар балаға қатысты оқиға видеоға түсіп қалған

Айшуақ ауылындағы балабақшада болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп, қазір құқық қорғау органдарының назарында тұр.

Шалқар ауданындағы балабақшада 2 жасар балаға қатысты оқиға видеоға түсіп қалған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы балабақшада екі жасқа толмаған балаға қатысты оқиға тіркеліп, тәрбиеші көмекшісі жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Оқиға Шалқар ауданына қарасты Айшуақ ауылындағы «Айгөлек» балабақшасында 29 қыркүйекте болған. Балабақшадағы бейнебақылау камерасына түскен жазба қазір құқық қорғау органдарының тексеруіне негіз болған.

Баланың анасы Алинұр Шонанованың айтуынша, ол баласының бетінен жарақат ізін байқап, бірден балабақшадағы бейнебақылау жазбасын көруді сұраған. Оның сөзінше, видеода тәрбиеші көмекшісінің ұйықтап жатқан балаға жақындағаны көрінеді.

Ана әлеуметтік желідегі жазбасында оқиғаға байланысты алаңдаушылығын білдіріп, қызметкерді тек жұмыстан босатумен шектелмей, заң аясында жауапқа тартуды талап еткен.

Сонымен қатар Алинұр Шонанова тәрбиеші көмекшісі мен балабақшаның бұрынғы меңгерушісі арасында сот процесі жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, балабақша қызметкері бұрынғы меңгерушінің туған сіңлісі. Алайда бұл жайттың оқиғаға қандай да бір қатысы бары әзірге құқық қорғау органдары тарапынан расталған жоқ.

Ақтөбе облысының білім басқармасы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, жағдайға қатысы бар қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілген.

«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысы бар қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұл жағдай білім басқармасының бақылауында», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қызметкердің әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор