1327

Ақтауда танымал блогер Салтанат Аманқосова алаяқтық ісі бойынша ұсталды

Instagram арқылы ыдыс-аяқ сатамыз деп ақша жинағандар Ақтауда ұсталды.

Ақтауда танымал блогер Салтанат Аманқосова алаяқтық ісі бойынша ұсталды
ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда Instagram арқылы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника сатуға уәде беріп, сатып алушыларды алдады деген күдікпен танымал блогер Салтанат Аманқосова ұсталды. Маңғыстау облысының полициясы бұл іске тағы бір адамның қатысы барын хабарлады.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, әлеуметтік желіде Қытайдан түрлі тауарларды, соның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға жеткізу туралы жарнама жарияланған.

Тауарларды көпшілікке таныту үшін 360 мыңнан астам жазылушысы бар танымал Instagram-парақшаның иесі тартылған. Тергеу нұсқасы бойынша, жарияланымдарда өнімдердің бар екені, сапасы және Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туралы ақпарат берілген.

Жарнаманы көрген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы сатушылармен хабарласып, тауар ақысын жеке кәсіпкердің есепшотына аударған. Алайда полицияның мәліметінше, тапсырыстарды жеткізу міндеттемелері орындалмаған, ал түскен қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары зардап шеккен азаматтарды анықтаған. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы — «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Блогер мен оның сыбайласы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, осы іске байланысты басқа да зардап шеккен азаматтардың бар-жоғын тексеруде.

Материал авторы