547

Астанада Есіл өзені бір түнде тайызданып кетті: әкімдік түсініктеме берді

Тұрғындар бұрын үйректер мекендеген аумақтың құрғап қалғанын байқаған.

Астанада Есіл өзені бір түнде тайызданып кетті: әкімдік түсініктеме берді
@astanovka98

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана тұрғындары Есіл өзенінің суы бір түннің ішінде күрт тартылып, жағадан алыстап кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Әлеуметтік желіде тараған видеода өзен суының деңгейі төмендеп, жағалаудың бір бөлігі ашылып қалғаны көрінеді. Қала әкімдігі жағдайға түсініктеме берді.

Оқиғаға қатысты кадрлар Telegram желісіндегі Astanovka_98 арнасында жарияланған. Жазба авторларының айтуынша, Кенесары көшесі маңында Есілдің суы түн ішінде айтарлықтай азайған. Бұған дейін осы аумақта үйректер мекендегені айтылған. Тұрғындар өзен арнасынан жағымсыз иіс шыға бастағанын да хабарлаған.

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі берген жауабында су деңгейінің төмендеуін Есіл өзенінде жүргізілген құрылыс жұмыстарымен байланыстырды.

Ведомство мәліметінше, қалалық Құрылыс басқармасы өзенде су реттейтін бөгеттің бесінші кезегін салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізген.

Әкімдік өкілдері құрылыс жұмыстары аяқталғанын және енді өзендегі су деңгейі қайта көтеріле бастайтынын мәлімдеді.

Материал авторы