Алматы – Астана рейсінде үш жолаушыға бір мезетте медициналық көмек қажет болды
Жолаушылардың бірі қан қысымының жоғарылауына шағымданса, бүйрек трансплантациясын жақында өткерген қыздың басы ауырып, аяқтары ісінген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдан Астанаға бағыт алған ұшақта үш жолаушының денсаулығы бір мезгілде сыр беріп, оларға медициналық көмек қажет болды. Бортсеріктердің көмек сұраған үндеуіне Өскемен қаласынан келген дәрігер Рая Рахимова жауап берді. Бұл туралы YK-news.kz жазды.
Оқиға 18 қазанда болған. Жолаушылардың бірі қан қысымының жоғарылауына байланысты өзін жайсыз сезінген. Ал бүйрегіне жақында трансплантация жасалған қыздың басы ауырып, аяқтары ісінген. Тағы бір әйел әлсіздікке шағымданып, қан қысымының төмендегенін айтқан.
Дәрігер Рая Жанғалиевна үш жолаушыны да қарап, денсаулық көрсеткіштерін тексерген. Ол ұшақ Астанаға жеткенше олардың жағдайын үздіксіз бақылап отырған. Әсіресе бүйрегіне ота жасалған қызға ерекше назар аударған: медициналық құжаттарын зерттеп, психологиялық қолдау көрсеткен.
Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, ұшақ Астанаға қонған кезде үш жолаушының да жағдайы жақсарған. Олар әуе кемесі жерге түскеннен кейін дәрігерге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан.
Рая Рахимованың айтуынша, әуе сапары кезінде жолаушылардың денсаулығы сыр беріп, көмек қажет болатын жағдайлар оның тәжірибесінде бұрын да кездескен.
Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы дәрігердің кәсіби жолына да тоқталды. Рая Рахимова өңірде медициналық көмекті дамытуға үлес қосқан маман ретінде танымал. Оның еңбек жолында Ана мен бала орталығын басқарған кезең ерекше орын алады. Дәрігер хирургия, урология және акушерлік қызмет салаларында да көпжылдық тәжірибе жинақтаған.
Қазір Рая Жанғалиевна денсаулық сақтау саласындағы жұмысын жалғастырып, Өскемендегі емханалардың бірінің бас дәрігері қызметін атқарады.
Материал авторы