308

Ресей мен Украина 540 тұтқынды алмастырды

Украинаға әскери қызметшілермен бірге тоғыз бейбіт тұрғын оралса, Ресей 270 әскери қызметшісінің қайтарылғанын растады.

Ресей мен Украина 540 тұтқынды алмастырды
NurPhoto/Getty Images

Ресей мен Украина кезекті тұтқын алмасу рәсімін өткізді. Тараптар 270-ке 270 формуласы бойынша алмасқан. Украинаға әскери қызметшілермен бірге тоғыз бейбіт тұрғын қайтарылды.

Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-дағы парақшасында елге Ұлттық гвардия жауынгерлері, оның ішінде «Азов» бөлімшесінің әскери қызметшілері, шекарашылар, аумақтық қорғаныс күштерінің жауынгерлері, Әскери-теңіз күштері, Құрлық әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері және Мемлекеттік арнайы көлік қызметінің әскери қызметшілері оралғанын жазды.

Сондай-ақ Украинаға тоғыз бейбіт тұрғын қайтарылған. Зеленскийдің айтуынша, олардың басым бөлігі 2022 жылдан бері тұтқында болған. Ресейде олардың көпшілігі заңсыз сотталған.

Бұған қоса, елге 2022 жылғы шілдеде Оленовкада болған жарылыстан қаза тапты деп есептелген бес адам оралған.

«Біз әрқайсысын есте сақтаймыз және әлі де барлығын іздеуді жалғастырамыз. Алмасу рәсімдерін ұйымдастыру үшін еңбек етіп жүргендердің бәріне алғыс айтамын. Сондай-ақ Украина азаматтарын қайтаруға мүмкіндік беретін алмасу қорын толықтырып жүрген майдандағы жауынгерлерімізге ризашылығымды білдіремін», – деп жазды Украина президенті.

Deutsche Welle басылымының мәліметінше, Ресей Қорғаныс министрлігі де 270 әскери қызметшінің елге қайтарылғанын растаған. Мәскеудің хабарлауынша, тұтқын алмасу Беларусь аумағында өткен.

РБК басылымының жазуынша, Ресейге қайтарылған әскери қызметшілерге қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, олар әрі қарай емделу және оңалту үшін елге жеткізіледі.

Материал авторы