Тоқаев Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиғаларға әділ көзқараспен қарап, әр кезеңге лайықты баға беру қажет екенін жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Мемлекет басшысы тарихи оқиғаларға әділ көзқараспен қарап, оларға лайықты баға беру маңызды екенін атап өтті.
Тоқаевтың сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға, мемлекеттің күрделі экономикалық жағдайда дамуына және елдің бірқатар тарихи жетістікке жетуіне елеулі үлес қосқан.
«Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе», – деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамы Әділетті Қазақстан құру жолында ортақ мақсатқа жұмылғанын да жеткізді.
Оның айтуынша, әділеттілік қағидаттарын қоғам арасында дәріптеу маңызды. Президент әділеттілікті ең жоғары рухани құндылықтардың бірі ретінде атап, жаңа партияға «Әділет» атауы берілгенін түсіндірді.
«Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға “Әділет” атауын бердік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Материал авторы