410

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті

Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға дейін баяулап, жеміс-жидек пен көкөніс бағасының арзандауы жалпы көрсеткішке әсер етті.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті
nationalbank.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Мөлшерлеме дәлізі ±1 пайыздық тармақ болып бекітілді.

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда жылдық инфляция 2026 жылғы қыркүйекте 9,3%-ға дейін төмендеген. Осылайша, көрсеткіш қатарынан он екінші айда бәсеңдеген. Реттеуші мұны салыстырмалы түрде қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасымен байланыстырады.

Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға дейін азайған. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының едәуір арзандауы және ет бағасының өсу қарқынының баяулауы ықпал еткен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша жылдық инфляция да төмендеп, 11%-ды құрады. Ұлттық банк мұны жанар-жағармай бағасының жылдық өсу қарқыны бәсеңдеуімен түсіндірді. Ал реттелмейтін қызметтер бағасының жоғары өсуіне байланысты қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9% деңгейінде сақталған.

Сонымен қатар айлық инфляция қыркүйекте 0,6% болды. Бұл тамыздағы көрсеткішпен бірдей. Маусымдық факторлардан тазартылған негізгі инфляцияның медианалық бағасы да 0,7% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Ұлттық банктің пікірінше, бұл баға қысымының әлі де сақталып отырғанын көрсетеді.

Алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулер қыркүйекте 11,8%-ға дейін төмендеді. Тамызда бұл көрсеткіш 12,1% болған. Кәсіби нарық қатысушылары да болжамдарын қайта қарап, 2026 жылдың соңындағы инфляция деңгейін 10%-дан 9,5%-ға дейін түсірді. 2027 жылға арналған болжам 8,5%-дан 8,3%-ға дейін азайды.

Еске салайық, биыл 4 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткен болатын. Қазіргі шешіммен ол тағы 0,5 пайыздық тармаққа азайды.

Материал авторы