Астанада Dodo Pizza қызметкерлері асфальтқа түскен қамырды жинап жүргені видеоға түсіп қалды
Dodo Pizza өкілдері жерге түскен қамыр пицца әзірлеуге жіберілмегенін, кейін кәдеге жарату үшін жиналғанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы Dodo Pizza пиццерияларының бірінің маңында түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кадрларда екі ер адамның тротуарға түсіп қалған қамыр дайындамаларын жинап, пластик ыдысқа салып жатқаны көрінеді.
Видеоны елорда тұрғыны жариялаған. Кейін жазба өшірілгенімен, оған дейін автор жерден жиналған қамырды пицца дайындауға қайта пайдалануы мүмкін деген күдік білдірген.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі мұндай әрекет санитарлық талаптардың сақталуына қатысты сұрақ туғызатынын айтса, енді бірі қызметкерлер бүлінген өнімді қоқысқа шығару үшін жинаған болуы мүмкін деп болжады.
Dodo Pizza компаниясы жағдайға түсініктеме беріп, жерге түскен қамырдың өндірісте қайта пайдаланылмағанын мәлімдеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, оқиға тіркеліп, өнім есептен шығарылған. Қамыр дайындамаларының ешқайсысы пицца әзірлеуге жіберілмеген. Қызметкерлер оларды көшеде қалдырмай, кейін кәдеге жарату үшін жинаған.
Компания өкілдері туындаған алаңдаушылық үшін де кешірім сұрады.
Материал авторы