330

«Бұл бақты біз отырғыздық»: алматылық оқушылар өз мектебінің ауласын көгалдандырды

Алматыдағы №209 мектеп-гимназиясының оқушылары, мұғалімдері мен ата-аналары Nestlé компаниясының қолдауымен өткен экофестивальде 50 ағаш көшетін отырғызды. Іс-шара барысында қатысушылар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және саналы тұтыну қағидаларымен танысып, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған тәжірибелік шараларға қатысты.

«Бұл бақты біз отырғыздық»: алматылық оқушылар өз мектебінің ауласын көгалдандырды
Nestle баспасөз қызметі
Алматы қаласындағы №209 мектеп-гимназиясында экологиялық фестиваль өтті. Іс-шара аясында оқушылар, педагогтер мен ата-аналар мектеп аумағын көгалдандыру және экологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыру үшін бірікті. Күні бойы қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып, саналы тұтыну, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу қағидаларымен танысты.
 
Іс-шара Nestlé компаниясының «Салауатты тамақтану мектебі» білім беру бағдарламасы аясында өткізілген «Өз бағыңды өсір» байқауындағы жеңісі үшін мектепке жасаған сыйы болды. Компания Қазақстанда бұл жобаны Nestlé for Healthier Kids жаһандық бастамасының бір бөлігі ретінде 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырып келеді.
«Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасы балаларды өз денсаулығына қамқорлық жасауға үйретіп, денсаулықтың айналамыздағы табиғатпен қалай байланысты екенін түсіндіреді. Байқау барысында бұл идея теориядан практикаға ұласты: оқушылар педагогтермен бірге қоршаған ортаны қорғау тақырыбында плакаттар салды. Жұмыстарды қазылар алқасы да, көрермендер де бағалады.
«Өз бағыңды өсір» байқауының жеңімпаздары жүлделер мен дипломдарға қоса, 50 ағаш көшетіне ие болды. «Экологиялық мәдениет күнделікті қарапайым әдеттерден және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудан басталады. Мұндай бастамалар балаларға, жасөспірімдерге және олардың ата-аналарына қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу қағидаларын тереңірек түсінуге және экологиялық жобаларға белсенді қатысуға көмектеседі. Экологиялық мәдениет пен тұтынуға саналы көзқарас дәл осындай практикалық тәжірибе арқылы қалыптасатынына сенімдіміз», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Татьяна Ежова.
«Nestlé for Healthier Kids бастамасы аясында біз балаларға дені сау әрі жауапты болашаққа бастайтын әдеттерді қалыптастыруға көмектесуге ұмтыламыз. Қоршаған ортаға қамқорлық жасау қарапайым әрекеттерден басталады. Балалардың бұл туралы айтып қана қоймай, ағаш отырғызып, өз еңбегінің нәтижесін көріп, әр адамның қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алатынын түсінгені ерекше маңызды», – деп атап өтті Nestlé компаниясының Еуразия өңіріндегі корпоративтік мәселелер және коммуникациялар жөніндегі менеджері Надежда Лабодовская.
 
«Байқау оқушыларымыз үшін нағыз командалық жобаға айналды: олар плакаттың идеясын бірге ойластырып, сурет салып, нәтижесін асыға күтті. Енді олардың еңбегі мектеп ауласындағы баққа айналды. Бұл бақты болашақта мектептің келесі буын оқушылары да көреді. Бірнеше жылдан кейін балалар мақтанышпен: “Бұл бақты біз отырғыздық”, – деп айта алады», – деп бөлісті №209 мектеп-гимназиясының директоры Гүлшат Молдабаева.
Сондай-ақ іс-шара аясында мектеп аумағында EcoNetwork қауымдастығының эко-трагы жұмыс істеді. Бұл – қайта өңдеуге жарамды материалдарды қабылдайтын және экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізетін мобильді пункт. Оқушылар, ата-аналар мен педагогтер қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырып, оларды бөлек жинау қағидалары туралы көбірек біліп, қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдардың үлгілерін көре алды. Шеберлік сабағында қатысушылар екінші реттік пластиктен өз қолдарымен салпыншақтар жасап, пайдаланылған материалдарға екінші өмір сыйлауға болатынын іс жүзінде көрсетті.
Экофестиваль бизнес, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге және Қазақстанның тұрақты болашағын қалыптастыруға қалай ықпал ететінін көрсететін жарқын үлгі болды.
 
«Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасы туралы
«Салауатты тамақтану мектебі» бағдарламасы 2013 жылдан бері Астана мен Алматы қалаларының мектептерінде жүзеге асырылып келеді, ал 2023 жылдан бастап Қазақстанның басқа қалаларында да енгізіле бастады. Бағдарлама 7–10 жас аралығындағы балаларға арналған және педагогтер өткізетін сабақтар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығымен және Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп әзірленген.
Nestlé компаниясы туралы
Nestlé – әлемдегі ең ірі азық-түлік және сусын өндіруші компания. Компания әлемнің 188 елінде қызмет атқарады. Оның бүкіл әлем бойынша шамамен 275 мың қызметкері бар. Олардың барлығын Nestlé компаниясының ортақ мақсаты біріктіреді: өнімдердің пайдасын ашу арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақтың өмір сапасын жақсарту.
 
Nestlé адамдардың ғана емес, олардың сүйікті үй жануарларының да өмірін жақсартуға бағытталған өнімдер мен қызметтердің кең ассортиментін ұсынады. Компания өз қызметінде тамақтану және салауатты өмір салты саласындағы терең сараптамасына негізделген стратегияны басшылыққа алады. Nestlé компаниясының бас кеңсесі Швейцарияның Веве қаласында орналасқан. Компанияның тарихы осы қалада 150 жылдан астам уақыт бұрын басталған.