280

Астанадағы әлем чемпионаты қарсаңында UWW басшылығы мен чемпиондар баспасөз мәслихатын өткізді

Биыл мамырда Бахрейннен Астанаға ауыстырылған әлем чемпионатына 135 елден 900-ден астам балуан қатысады.

Астанадағы әлем чемпионаты қарсаңында UWW басшылығы мен чемпиондар баспасөз мәслихатын өткізді
SMARTNEWS.KZ

Астанада күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионаты қарсаңында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға United World Wrestling (UWW) президенті Ненад Лалович, Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов, UWW коммуникациялар бөлімінің басшысы Эрик Олановски, әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан және Олимпиада чемпионы Кайл Снайдер қатысты. Жиында Қазақстанның әлем чемпионатын өткізуге дайындығы, ұлттық құраманың мақсаттары, күрес клубтарын дамыту және спортқа жеке бизнесті тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар балуандар алдағы жарыстағы бәсекелестік пен жеңіске жетудегі психологиялық дайындық туралы пікір білдірді. Баспасөз мәслихатына SMARTNEWS.KZ тілшісі қатысып қайтты.

Қазақстан күресінде клубтық чемпионаттар қайта жандануы мүмкін

Қазақстан күрес федерациясы клубтық жүйені дамытуға және жеке бизнесті спортқа тартуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия әзірлеп жатыр. Бұл туралы федерация төрағасы Еркін Оқасов Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, федерацияның қысқа және ұзақ мерзімді даму жоспарлары бар. Қысқа мерзімде халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсету көзделсе, ұзақ мерзімді стратегия күресті жан-жақты дамытуға бағытталған.

«Біздің өз стратегиямызда бұл мәселені қолға алу бар. Белгілі бір мемлекеттермен, белгілі бір клубтармен келісімшарттар жасалды. Мұның бәрі уақыты келгенде айтылады, көрсетеміз», – деді Еркін Оқасов.

Ол күресті дамыту үшін жеке бизнестің және демеушілердің қолдауы қажет екенін атап өтті. Федерация басшысы клубтық чемпионаттарды ұйымдастыру мәселесі де талқыланып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде United World Wrestling (UWW) президенті Ненад Лалович халықаралық федерация ұлттық федерациялар бірлестігі екенін еске салды. Оның сөзінше, елдердегі жарыстарды ұйымдастыруға ұлттық федерациялар жауап береді. Сондықтан клубтар арасындағы халықаралық турнирлерді өткізу мәселесі де сол федерациялармен бірлесе шешілуі керек.

Қазақстан әлем чемпионатына дайын

Баспасөз мәслихатында Қазақстанның күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізуге дайындығы да сөз болды.

Еркін Оқасовтың айтуынша, жарысты өткізу туралы шешім биыл мамырда қабылданып, чемпионат Бахрейннен Астанаға ауыстырылған. Соған қарамастан, ұйымдастырушылар дайындық жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтаған.

«Бүгін 100 пайыз дайынбыз деп айта аламын», – деді федерация төрағасы.

Ризабек Айтмұхан: «97 келіде психологиялық тұрғыдан мықты болу керек»

Қазақстандық әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан өз елінде өтетін жарыстың жауапкершілігі жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға күш бергенімен, жоғары нәтиже көрсетуге деген талап та артады.

«Өз елімізде өту оңай емес, өздеріңіз білесіздер. Жанкүйерлеріміздің қолдауы бізге күш береді. 97 келіде психологиялық тұрғыдан мықты болу керек. Бүкіл әлемнен мықтылар дайындалып келеді. Кім психологиялық тұрғыдан дайын болып, соңына дейін шыдаса, кім әлем чемпионы болу үшін бар күш-жігерін салса, сол нағыз чемпион болады», – деді балуан.

Осы салмақ дәрежесінде өнер көрсететін АҚШ өкілі, Олимпиада чемпионы Кайл Снайдер де бәсекенің жоғары болатынын атап өтті. Оның айтуынша, 97 келі салмақ дәрежесінде әлемнің бірнеше үздік балуаны жиналған.

Снайдер басты қарсыластарының қатарында ресейлік Абдулрашид Садулаевты атады. Сондай-ақ ол Иран балуаны Хасан Язданидің тәжірибесі мен табандылығын ерекше бағалады.

«Менің ойымша, бұл – өмірімде белдескен ең бәсекелі салмақ дәрежесі. Мұнда мықты балуандар көп. Кім жеңіске жетсе де, оған өте жақсы өнер көрсетуге тура келеді», – деді америкалық спортшы.

Снайдер Астанадағы жарыс нысанын да жоғары бағалап, Қазақстан күрес федерациясын чемпионатты ұйымдастыруымен құттықтады.

Еркін Оқасов: бапкерлерге нақты KPI қойылған

Баспасөз мәслихатында Қазақстан құрамасының дайындығы мен бапкерлердің жұмысы туралы да сұрақ қойылды.

Федерация төрағасы жаттықтырушыларға нақты міндеттер мен негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) белгіленгенін айтты. Алайда олардың мазмұнын әзірге жарияламады.

Оның сөзінше, құраманы жасақтау кезінде федерация мен жаттықтырушылар кеңесі бірлесіп шешім қабылдаған. Ал алдағы уақытта халықаралық жарыстардағы нәтижелермен қатар, күресті ұзақ мерзімді дамытуға басымдық берілмек.

Еске салайық, күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы «Барыс Аренада» өтеді. Жарысқа 135 елден 900-ден астам балуан қатысады. Бұл – әлем чемпионаты тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Материал авторы