Алматыдағы элиталық тұрғын үйден төрт кондиционер ұрланды: күдіктілер есік кодын білген
Жәбірленуші кондиционер орнатуға дайындық жұмыстарын жүргізген маман пәтердің есік кодын біліп алғанын айтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының орталығындағы бизнес-класты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан пәтерден төрт жаңа кондиционер мен қымбат сантехника ұрланған. Пәтер иесі бұл туралы әлеуметтік желіде видео жариялаған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Пәтер иесінің айтуынша, тұрғын үйде бейнебақылау камералары орнатылған, күзет қызметі жұмыс істейді, ал кіреберіс есіктер кодпен ашылады. Сонымен қатар ғимаратқа кірген адамдардың қозғалысы тіркеліп отырады. Соған қарамастан, пәтердегі жөндеу жұмыстары аяқталмай тұрған кезде мүлік қолды болған.
Әйелдің сөзінше, ұрлыққа дейін бірнеше күн бойы пәтерде кондиционер орнатуға дайындық жұмыстарын жүргізген маман болған. Ол жөндеу бригадасымен бірге үйге тұрақты кіріп жүргендіктен, есік құпиясөзін біліп алған. Пәтер иесі күзет қызметкерлері де оны бірнеше күн бойы көріп, жөндеу жұмыстарымен айналысып жүргендіктен кіргізгенін айтады.
Алайда әйелдің мәлімдеуінше, кейін әлгі ер адам түнде басқа адамдармен бірге келіп, пәтердегі заттарды алып кеткен. Ұрланған төрт кондиционердің әрқайсысы 180 мың теңге тұрады. Бұдан бөлек, қымбат сантехника да жоғалған. Ол кезде пәтерде ешкім тұрмаған, себебі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған еді.
Пәтер иесінің айтуынша, күзетші қораптарға салынған техниканың сыртқа шығарылып жатқанын байқап, күдіктенген. Ол оқиғаға қатысы болуы мүмкін адамдардың бет-бейнесі мен көлігінің нөмірін ұялы телефонына түсіріп алған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі пәтерден мүлік ұрлануына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Ведомствоның мәліметінше, төрт кондиционердің қолды болғаны туралы арыз түскеннен кейін Бостандық аудандық полиция басқармасының бөлімшесі қылмыстық іс қозғаған.
Полиция жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдардың бірінің жеке басын анықтаған. Қазір оның жүрген жерін анықтап, ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар екінші ықтимал қатысушының кім екені анықталып, оның оқиғаға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Материал авторы