Алматыда полицейлер ауыр халдегі 15 жастағы баланы ауруханаға жедел жеткізуге көмектесті
Алматы облысындағы Есік қаласынан шыққан отбасы кептеліске байланысты ауруханаға уақытында жете алмай, жол-патрульдік полициясына жүгінген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда полицейлер шұғыл медициналық көмекке мұқтаж 15 жастағы жасөспірімді ауруханаға жедел жеткізуге көмектесті. Баласын Есік қаласынан алып шыққан әке кептеліске байланысты діттеген жеріне өз күшімен уақытында жете алмай, полицияға жүгінген.
Оқиға таңертең Құлжа тасжолындағы тұрақты полиция бекетінде болған. Volkswagen көлігін басқарған азамат тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Көлікте шұғыл медициналық көмекті қажет еткен 15 жастағы ұлы болған.
Алматы облысындағы Есік қаласынан шыққан отбасы жолдағы кептелістің салдарынан ауруханаға өз бетінше тез жете алмаған. Полицейлер бірден көлікті алып жүруді ұйымдастырып, жасөспірімнің жағдайы туралы медицина қызметкерлеріне алдын ала хабарлаған.
Осының арқасында науқасты Бірінші балалар қалалық клиникалық ауруханасына небәрі 15 минутта жеткізу мүмкін болған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірім бірден дәрігерлерге тапсырылып, шұғыл операцияға дайындық үшін жансақтау бөліміне жеткізілген.
Қазір баланың жағдайы ауыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Материал авторы