Атыраудағы Назарбаев мектебінің мұғалімі оқушы қызбен хат алмасқаны үшін жұмыстан кетті
Кәмелетке толмаған оқушының әпкесі әлеуметтік желіде мұғалімнің қызға түнде хабарлама жазып, кездесуді ұсынғанын мәлімдеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген мұғалім кәмелетке толмаған оқушымен хат алмасуына қатысты жарияланымнан кейін қызметінен босатылды.
Оқиға оқушының туысы Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбадан кейін көпшілікке белгілі болған. Оның айтуынша, мұғалім қызға түнгі уақытта хабарлама жазып, кездесуді ұсынған.
Жазба авторының мәлімдеуінше, хат алмасу барысында ер адам оқушының немен айналысып жатқанын, тамақ ішкен-ішпегенін сұрап, жылырақ киінуге кеңес берген. Туысының сөзінше, мұғалім қыздың телефон нөмірін сыныптасы арқылы алған.
Жарияланым авторы таныстары мұғалімнен бұл әрекетінің себебін сұрағанда, ол мұны әзіл ретінде түсіндіргенін айтады. Алайда туысының мәліметінше, кейін мұғалім хат алмасуды жалғастырып, өзін дұрыс түсінбегенін айтқан.
Оқушының отбасы мектеп басшылығына жүгініп, оқиғаға ресми түрде баға беруді талап етпек.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты мектеп қауіпсіздігі қызметі ішкі тексеріс жүргізген. Тексеру оқушыларды қорғау жөніндегі қолданыстағы саясатқа сәйкес ұйымдастырылған.
Тексеру қорытындысы мен тәртіптік комиссия қарауынан кейін мұғаліммен жасалған еңбек шарты бұзылған. Қауымдастықтың мәліметінше, бұған педагогикалық қызметті жалғастыруға сәйкес келмейтін теріс қылық негіз болған.
Еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес тоқтатылған.
Материал авторы