NASA Айда өмір сүріп, жұмыс істейтін астронавтарды іріктеуді бастады

Artemis бағдарламасына қатысатын үміткерлер Ай бетінде жұмыс істеуге арнайы дайындықтан өтіп, тұрақты база құруға атсалысады.

NASA Айда өмір сүріп, жұмыс істейтін астронавтарды іріктеуді бастады
Neil Armstrong/NASA via AP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі Айда өмір сүріп, жұмыс істейтін жаңа астронавтар тобын жасақтауға кірісті. Олар Artemis бағдарламасы аясында Айға алғашқы басқарылатын миссияларды жүзеге асыруға және болашақта Марсқа адам жіберуге дайындық жұмыстарына қатысады.  

Іріктеуден өткен үміткерлер Ай бетіне қонуға және онда түрлі тапсырмаларды орындауға бағытталған арнайы дайындықтан өтеді. NASA оларды Жердің табиғи серігінде тұрақты база құру жұмыстарына да тартуды жоспарлап отыр.

Алайда бағдарламаға қатысуға қойылатын талаптар қатаң. Үміткерлер АҚШ азаматы болуы және жаратылыстану, нақты немесе техникалық ғылымдар салаларының бірі бойынша магистр дәрежесін иеленуі керек. Олардың қатарында биология, компьютерлік ғылымдар және инженерия бағыттары бар.

Агенттік сайтында өтінім қабылдау 2026 жылғы 3 желтоқсанда аяқталады. Ал болашақ астронавтардың түпкілікті тізімі 2027 жылдың соңында бекітіледі.

Айға жүк жеткізуге 10 миллиард доллар бөлінуі мүмкін

NASA Айға қажетті жабдықтар мен жүктерді жеткізу мәселесін де қатар қарастырып жатыр. Осы мақсатта Commercial Lunar Payload Services (CLPS) бағдарламасының екінші кезеңі бойынша келісімшарттарға конкурс жарияланған.

Он жылға есептелген келісімшарттардың жалпы құны 10 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Байқауға SpaceX, Blue Origin және Lockheed Martin Space сияқты компанияларды қоса алғанда, сегіз жеке аэроғарыш кәсіпорны өтінім берген. Жеңімпаздар Айға ғылыми жабдықтар мен ауыр техниканы жеткізуге арналған қону аппараттарын құрастыру және пайдаланумен айналысады.

Ал Boeing корпорациясы Starliner ғарыш кемесіне қатысты мәселелерге байланысты бұл конкурсқа қатыспайды. 

Материал авторы