«Бір жерде отырып шықтым»: Navai Қазақстанда ұсталғаннан кейін алғаш рет концерт берді
Қазақстанда есірткіге қатысты іс бойынша ұсталып, кейін елден шығарылған рэпер Мәскеуде жанкүйерлерімен қайта қауышты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) Қазақстанда ұсталғаннан кейін алғаш рет Мәскеуде концерт берді. Өнер иесі ұзақ уақыт сахнаға шықпағаны үшін көрермендерден кешірім сұрап, бұл үзілісті әзілмен түсіндірген. Алайда журналистердің есірткі дауына қатысты сұрағына жауап беруден бас тартты.
Мәскеудегі клубта өткен концерттің билеттері түгел сатылып кеткен. Кіреберісте жиналған халықтың көптігіне байланысты көрермендердің бір бөлігі залға уақытында кіре алмаған. Соның салдарынан ұйымдастырушылар концерттің басталуын 50 минутқа шегеруге мәжбүр болды.
Сахнаға шығар алдында Navai ұзақ уақыт бойы көрінбей кеткені үшін тыңдармандарынан кешірім сұрап, «бір жерде отырып шыққанын» айтып әзілдеген. Сондай-ақ өзін жайсыз сезініп тұрғанын жеткізгенімен, концертті тоқтатпауды жөн көрген.
Кеш аяқталғаннан кейін де жанкүйерлер рэперді түнгі сағат бірге дейін VIP-кіреберістің маңында күткен. Өнер иесі бірнеше жанкүйерімен суретке түскен. Ал журналистер Қазақстандағы есірткі дауына қатысты сұрақ қойған кезде: «Ешқандай пікір білдірмеймін», – деп жауап беріп, клубтан кетіп қалған.
Еске салайық, Наваи Бакиров биыл 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі «Қордай» өткізу пунктінде ұсталған. Операцияны полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп жүргізген. Әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген.
SHOT мәліметінше, көліктен 2,5 грамм марихуана, шиыршық темекі жасауға арналған қағаз және гриндер табылған. Рэпермен бірге тағы екі адам ұсталғанымен, кейін олар босатылған. Оқиғаға байланысты есірткі контрабандасы және оны заңсыз сақтау баптары бойынша тергеу жүргізілген.
Осы жағдайдан кейін Navai-дің 14 қазанға жоспарланған Астанадағы концерті белгісіз мерзімге шегерілді. Жамбыл облысы Қордай аудандық соты рэперді екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.
Алайда 20 қазанда Наваи Бакировқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны және орындаушының Қазақстан аумағынан шығарылғаны белгілі болды.
Материал авторы