1556

«Украина біршама басқа пішінге ие болады»: Трамп Украина шекарасына қатысты мәлімдеме жасады

Дональд Трамптың айтуынша, Владимир Путин мен Владимир Зеленский арасындағы өшпенділік қақтығысты тоқтатуға кедергі келтіріп отыр.

«Украина біршама басқа пішінге ие болады»: Трамп Украина шекарасына қатысты мәлімдеме жасады
AP Photo / Alex Brandon

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты реттеу нәтижесінде елдің аумағы мен шекарасы қазіргі қалпынан өзгеше болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, келіссөздер аяқталған кезде Украина «біршама басқа пішінге» ие болады. 

Трамп бұл мәлімдемені АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партия жеңіліс тапқаннан кейін журналист Росс Даутхатқа берген сұхбатында жасады. Әңгіме CBS News арнасындағы 60 Minutes бағдарламасында жарияланған.

Сұхбат барысында АҚШ президенті Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселесіне тоқталды. Ол қақтығыс жақын арада аяқталады деп сенетінін айтып, бұған өзінің ықпалы болатынын мәлімдеді.

«Менің ойымша, бұл соғыс аяқталады әрі көп ұзамай аяқталады. Оның аяқталуының жалғыз себебі — мен боламын. Президент Путин мен президент Зеленскийдің арасында үлкен өшпенділік бар», – деді Трамп.

Сондай-ақ ол Украинадағы соғысты АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнен «мұраға алғанын» айтып, өзі билікте болғанда мұндай қақтығыс басталмас еді деген пікір білдірді.

«Меніңше, біз бұған қол жеткіземіз. Ақыр соңында Украина біршама басқа пішінге ие болады», – деді АҚШ президенті. Алайда Трамп бұл сөздері арқылы нақты қандай аумақтық өзгерістерді меңзегенін ашып айтпады.

Материал авторы