Франция Иранды дүкендердегі тоңазытқыштарға кибершабуыл жасады деп айыптады
Өткен айда хакерлер жүздеген супермаркеттің тоңазытқыш жүйесін бақылауына алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция билігі қазан айында елдегі супермаркеттердің тоңазытқыштары мен мұздатқыштарына жасалған кибершабуылдың артында Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) тұр деп мәлімдеді. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро бұл әрекетті елдің ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігіне төнген елеулі қатер деп бағалады.
Парижде өткен баспасөз мәслихатында министр мұндай ауқымдағы диверсиялық кибершабуыл Франция аумағында алғаш рет тіркелгенін айтты. Оның сөзінше, шабуылға қатысы бар адамдарға қарсы Еуропалық одақ деңгейінде санкциялар енгізіледі.
Сондай-ақ Франция СІМ Иранның Париждегі елшісін шақырып, Тегеранға ресми наразылығын білдірген. Барро Франция оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін қажетті әрі жағдайға сай өзге де шараларды қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Әзірге Иран тарапы француз министрінің айыптауына қатысты пікір білдірген жоқ.
Кибершабуыл 11–12 қазанда болған. Хакерлер Франция аумағындағы жүздеген супермаркеттің тоңазытқыш жабдықтарының температурасын реттейтін бағдарламалық жүйені бақылауына алған. Соның салдарынан құрылғылардағы температура күрт көтеріліп, кейбір дүкендерде 50 градусқа дейін жеткен. Нәтижесінде азық-түліктің бір бөлігі жарамсыз болып, сауда желілеріне миллиондаған еуро көлемінде шығын келген.
Шабуылдан Coopérative U желісінің 100-ден астам супермаркеті, сондай-ақ Intermarché желісі мен оған кіретін Netto брендінің 180 дүкені зардап шеккен. Бұдан бөлек, Carrefour, Monoprix және E.Leclerc сияқты ірі сауда желілерінде де ақаулар тіркелген.
Хакерлердің нысанасына даталық Danfoss компаниясы әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз ету іліккен. Бұл жүйе сауда желілеріне тоңазытқыш жабдықтарын қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.
2 қарашада осындай кибершабуылдар Еуропаның тағы тоғыз елінде тіркелген. Атап айтқанда, Финляндия, Эстония, Швеция, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Ирландия, Италия және Португалиядағы 100-ден астам дүкен зардап шеккен.
Париж прокуроры Лор Бекко дүйсенбі күні супермаркеттерге жасалған шабуылға байланысты тергеу басталғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары КСИР-дің киберорталығымен байланысы бар «Шахид Кавех» хакерлік тобы мен оның басшылығындағы екі адамды тексеріп жатыр.
Алайда Франция билігі Иранның жауапты екені туралы қорытындыға қандай дәлелдер негіз болғанын жарияламады. Кибершабуылдарды ұйымдастырушыларды анықтау да оңай емес: хакерлер өздерінің орналасқан жері мен іздерін жасыру үшін түрлі тәсілдерді қолданады.
Материал авторы