Ресейлік танымал әзілкеш Украинаның барлау базасына енгізілді
Украина тарапы актердің Ресейдің әрекеттерін қолдағанын және Рамзан Қадыровпен достығы тізімге енгізуге негіз ретінде көрсеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік актер әрі тележүргізуші Михаил Галустян Украинаның Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасының War & Sanctions дерекқорына енгізілді. Бұған оның Ресейдің Украинадағы әрекеттерін қолдағаны және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровпен достық қарым-қатынасы себеп ретінде көрсетілген.
Украина барлау басқармасының сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Галустян Ресейдің Украинадағы әрекеттерін жүйелі түрде қолдап келеді деп айыпталған. Сондай-ақ актердің Ресей президенті Владимир Путиннің одақтасы саналатын Рамзан Қадыровпен жақын араласатыны да тізімге енгізілуіне себеп болған.
Бұған дейін, 2025 жылдың ақпанында Еуропалық одақ Михаил Галустянға санкция салған. Брюссель бұл шектеулерді актердің Украина аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төндіретін әрекеттерге қатысы бар деп бағалауымен түсіндірген.
Галустян бұл шешімнің өзіне күтпеген жағдай болғанын айтып, еуропалық саясаткерлердің мәдениет қайраткерлеріне санкция салуын сынға алған еді. Ал 2023 жылдың қаңтарында Украина актерге қарсы 10 жыл мерзімге шектеу енгізген.
2019 жылдың мамырында Михаил Галустян Украинаның «Миротворец» сайтының дерекқорына да қосылған. Бұған актердің 2014 жылы Ресейге қосылғаннан кейін Қырымға барғаны себеп болған. Сонымен қатар оның «Юнармия» әскери-патриоттық қозғалысына және 2018 жылғы президент сайлауында Владимир Путинді қолдаған Putin Team қозғалысына қатысқаны көрсетілген.
2024 жылдың қазанында Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова «Миротворец» сайтын «көзделген құрбандар тізімі» және «жоюға арналған тізім» деп атаған. Ол мұндай пікірді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің аталған дерекқорға енгізілуіне байланысты білдірген.
Бұған дейін ресейлік комик Михаил Галустянның Душанбе қаласына алғаш рет барып, Тәжікстан тұрғындарына үндеу жасағаны хабарланған еді.
Материал авторы