Тоқаев Димаш пен Бибісара Асаубаеваны Қазақстанның рухани елшілері деп атады
Президент Димаш Құдайберген, Бибісара Асаубаева, Самал Еслямова және өзге де танымал қазақстандықтарды атап өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында қазақ тілін дәріптеп, ұлттық мәдениет пен руханиятты әлемге танытып жүрген азаматтардың еңбегіне тоқталды. Президент олардың қатарында әнші Димаш Құдайберген мен шахматшы Бибісара Асаубаеваны атап, Қазақстанның рухани елшілері деп бағалады. Бұл туралы Ақорда жазды.
Тоқаевтың айтуынша, қазақ тілі ұлтты ұйыстырып, елдің өркениеттік көкжиегін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналып келеді.
Президент әлемге қазақ өркениетін танытқан тарихи тұлғалардың қатарында Сұлтан Бейбарыс, ұлы ойшыл Абай мен көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевты атады.
Сондай-ақ мемлекет басшысы бүгінгі қазақ мәдениеті мен руханиятын, халықтың зияткерлік әлеуетін байытып жүрген бірқатар азаматтың еңбегіне тоқталды. Олардың қатарында әлемге танылған әнші Димаш Құдайберген, Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева бар.
Бұдан бөлек, Жапонияда танымал болған кәсіби сумо балуаны Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) мен жаһандық Higgsfield AI стартапының негізін қалаушылардың бірі Ерзат Дулатов та аталды.
«Елдестірмек – елшіден» деген халық даналығын еске салған Тоқаев бұл азаматтарды еліміздің нағыз патриоттары әрі рухани елшілері деп атауға болатынын жеткізді.
Материал авторы