784

Ламин Ямаль Қазақстанды Әзербайжанмен шатастырып алды

«Барселона» шабуылшысы билет ұтысына арналған жарнамада жеңімпазды Қазақстандағы матчқа жіберетінін айтып, Әзербайжанды меңзеген.

Ламин Ямаль Қазақстанды Әзербайжанмен шатастырып алды
AP Photo/Gregory Bull

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Испания құрамасы мен «Барселона» клубының шабуылшысы Ламин Ямаль Чемпиондар лигасындағы ойынға билет ұтысын жарнамалау кезінде Қазақстанды Әзербайжанмен шатастырып алды. Футболшы жеңімпазды Қазақстандағы матчқа жіберетінін айтқанымен, каталондық клубтың алдағы сырт алаңдағы ойыны Бакуде өтеді.  

Жарнамалық роликте Ямаль көшеде өтіп бара жатқан адамдарға құлаққап таратады. Акцияның басты жүлдесі – «алтын билет». Оны ұтып алған адам Чемпиондар лигасының екі билеті мен футболшының қолтаңбасы қойылған бутсыға ие болады.

Жеңімпазды қай ойынға жіберер едіңіз деген сұраққа 19 жастағы шабуылшы:

«Егер таңдау өзіме байланысты болса, оларға Қазақстандағы матчқа билет беріп, сол жаққа жіберер едім. Қазақстандағы ойынға барсын», – деп жауап берген.

Осы сөздерден кейін видеода футболшының шын мәнінде Әзербайжанды меңзегені туралы түсіндірме пайда болған.

«Сабах» пен «Барселона» арасындағы Чемпиондар лигасының матчы 25 қарашада Бакудегі Олимпиада стадионында өтеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, Ламин Ямаль қазір оң тізесіндегі жарақатынан кейін қалпына келіп жатыр. Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте футболшының жарақатын ауыр емес деп бағалап, оның 15 қарашада Англияға қарсы матчқа дайын болуы тиіс екенін мәлімдеген. 

Материал авторы