Ресейде әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, 19 адам қаза тапты
Ресей Қорғаныс министрлігі әуе кемесінің бортында экипаж мүшелерін қосқанда 19 адам болғанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Кемеров облысында Ан-12 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Бастапқы ақпаратта борттағы 17 адамның қаза тапқаны айтылғанымен, кейін Ресей Қорғаныс министрлігі ұшақ экипажымен бірге 19 адам болғанын және олардың барлығы көз жұмғанын растады.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, әуе кемесі 17 қарашада Ягуново ауылы маңында апатқа ұшыраған. Ұшақ Новосібірден Канск қаласына бағыт алған.
Оқиға куәгерлері әуе кемесінің әуеде келе жатқанда өртеніп, кейін биіктігін күрт жоғалтқанын айтқан. Ұшақ жерге құлаған соң жарылыс болған.
Апат орнына Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, Росгвардия қызметкерлері мен апаттық медицина орталығының мамандары барған. Қауіпсіздік мақсатында аумақ қоршауға алынған.
Кузбасс губернаторы Илья Середюк оқиға орнынан түсірілген видеоны жариялады. Оның айтуынша, ұшақ транзиттік рейс орындап, облыс аумағы арқылы ұшып өткен.
Ресей Қорғаныс министрлігі Ан-12 әскери-көлік ұшағының бортында экипаж мүшелерін қосқанда 19 адам болғанын мәлімдеді. Ведомство алдын ала болжам бойынша, апатқа техникалық ақау себеп болуы мүмкін екенін хабарлады.
Қазір апаттың нақты себептері анықталып жатыр.
Материал авторы