75

Белгілі ақын Әсия Беркенова дүниеден озды

Қазақ айтысының көрнекті өкілі Әсия Беркенова 76 жасында өмірден өтті.

Белгілі ақын Әсия Беркенова дүниеден озды
instagram.com/qumaraqsaqalov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның белгілі айтыскер ақыны, халық ақыны Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден өтті. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов марқұмның жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Өңір басшысы Instagram парақшасында ақынның қайтыс болғаны туралы хабарды ауыр қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, Әсия Беркенова қазақ айтысының көрнекті өкілі ретінде ел құрметіне бөленген, Қостанай облысының поэзия өнеріндегі мерейін талай мәрте асқақтатқан тұлға болған.

Құмар Ақсақалов ақынның түрлі жыр додаларында өңір намысын абыроймен қорғап, сөз өнеріндегі шеберлігін танытқанын атап өтті. Сондай-ақ ол ұстаздық қызметпен айналысып, артында көптеген шәкірт пен ізбасар қалдырған. Еңбегі ескеріліп, «Халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болған.

Әсия Беркенова Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан.

Құмар Ақсақалов марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ өңір тұрғындарына қайғыра көңіл айтты.

Материал авторы