Мұғалімін балағаттаған 17 жастағы оқушыға 30 мың теңгеден астам айыппұл салынды
Сот жаза тағайындағанда жасөспірімнің жасын, кінәсін мойындауын және өкінуін ескерген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында 17 жастағы оқушыға мұғалімін балағаттағаны үшін айыппұл салынды. Сот жасөспірімді 30 275 теңге төлеуге міндеттеді.
Шығыс Қазақстан облыстық соттарының Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, ұсақ бұзақылық дерегіне қатысты істі Марқакөл аудандық соты қараған.
Сот анықтағандай, оқиға 2026 жылғы 19 қазанда сабақ үстінде болған. Жасөспірім сыныптастарының көзінше сынып жетекшісін әдепсіз сөздермен балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша сараланды.
Сот отырысында оқушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген және мұғалімнен кешірім сұраған. Іс материалдары да құқық бұзушылықтың мән-жайын растаған.
Жаза тағайындау кезінде сот жасөспірімнің жасын, кінәсін мойындап, өкінгенін және кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік жаза қолданудың заңда көзделген ерекшеліктерін ескерген.
Нәтижесінде 17 жастағы оқушыға 30 275 теңге айыппұл салынды. Алайда сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы