Франция Украинадағы әскерилері бар екенін ресми түрде растады
Франция өз сарбаздары украиналық әскерилерді оқытып, әскери техниканы жөндеуге көмектесетінін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Францияның Қорғаныс министрлігіне қарасты делегат-министр Алис Руфо елдің әскери қызметшілері Украина аумағында жүргенін растады. Алайда оның айтуынша, француз сарбаздары соғыс қимылдарына тікелей қатыспайды. Олар украиналық әскерилерді оқыту және Франция жеткізген техниканы жөндеу жұмыстарымен айналысады.
РБК француздың Le Figaro басылымында жарияланған материалды аударып ұсынған. Онда Руфо Украинада Францияның қорғаныс миссиясымен тығыз байланыста жұмыс істейтін үйлестіру құрылымы бар екенін айтқан.
Министрдің сөзінше, бұл құрылым украиналық әскери қызметшілерге арнайы дайындық өткізуге, сондай-ақ әскери техниканы күтіп ұстау мен жөндеуге мүмкіндік береді. Ол француз сарбаздарының соғысқа қатысу ниеті жоқ екенін және олардың саны өте аз екенін атап өтті. Міндеттер майдан шебінен алыс аумақта әрі қысқа мерзімге орындалады.
Бұған дейін RFI радиостанциясы бірнеше дереккөзге сүйене отырып, француз әскери қызметшілері Украинада кемінде 2026 жылдың жазынан бері құпия түрде жүргенін хабарлаған. Мәліметке сәйкес, бұл – француз генералы басқаратын Volia миссиясы.
Миссия құрамында қысқа мерзімді тапсырмаларды орындайтын шағын топтар бар. Олар украиналық сарбаздарды оқытып, француз қару-жарағы мен әскери техникасына техникалық қызмет көрсетеді. RFI дерегінше, бұл миссияның жұмысы Францияның Польшадағы Gerfaut оқу миссиясымен байланысты.
Францияның әскери қызметшілері Украина аумағында жүргені туралы ақпарат Ресей тарапының да мәлімдемесіне түрткі болды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мұны Украинаға қолдау көрсетуден гөрі қақтығысқа тікелей қатысу деп бағалаған. Ал Алис Руфо француз әскери қызметшілерінің соғысқа тікелей араласып жатқаны туралы пікірді негізсіз деп атады.
Материал авторы