554

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларына қатысты сот шешімі шықты

Қазір екі ұлттық компанияның басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларына қатысты сот шешімі шықты
sk.kz , t.me/samrukkazynaofficial

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отынышиевке қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Екеуі де сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікке ілінген.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, екі ұлттық компанияның басшысы 12 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҰҚК тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректерін жариялауға болмайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, 12 қарашада Астанада «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталғаны белгілі болған еді. Оларды ұстау кезінде елордадағы «Атлант» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің терезесінен ішінде ірі көлемде доллар болған чемодан лақтырылды деген ақпарат тарады. Алайда бұл оқиғаның тергеу ісімен байланысы жөнінде ресми органдар қосымша мәлімет берген жоқ.

Кейін екі ұлттық компания да жағдайға қатысты түсініктеме жасады. «Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, сұратылған материалдарды ұсынып жатқанын хабарлады.

Ал ҚТЖ өкілдері де тергеуге заң аясында көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Компания мен оның еншілес ұйымдары әдеттегі жұмыс тәртібін жалғастырып жатыр.

Материал авторы