409

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қою туралы заң жобасын таныстырды.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін
Quryltai

Қазақстанда онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Ұсынылып отырған түзетулердің қатарында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне шектеу қою, әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті жою талаптарын күшейту және жалған ақпарат пен жалаға қатысты жауапкершілікті нақтылау бар. Бұл бастамаларды Қазақстан Республикасының Құрылтайында бірінші оқылымда қаралған заң жобаларын таныстыру кезінде Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев баяндады.

Министрдің айтуынша, цифрлық кеңістіктегі өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау мен онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жаңа құқықтық тетіктерді қажет етеді.

Заң жобалары бойынша онлайн-платформаларға Қазақстан аумағында заңды тұлға ретінде өкілдік ашу міндетін жүктеу ұсынылған. Сондай-ақ құқыққа қайшы контентті, оның ішінде балаларға қатысты кибербуллинг материалдарын жою туралы нұсқаманы орындамаған платформаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделеді.

Министр келтірген мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы он айында жүргізілген мониторинг нәтижесінде құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталған. Олардың шамамен 70 пайызы жойылған.

Бұдан бөлек, пайдаланушыларды және бес мыңнан астам жазылушысы бар ашық қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігін енгізу ұсынылып отыр.

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты түзетулер де бар. Заң жобасы 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салуды және сервистерді пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттеуді көздейді. Алайда бұл шектеу ата-анамен, жақындарымен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.

Аудиовизуалдық қызметтер саласында теле- және радиоарналарды тиісті платформалар арқылы таратуға лицензия беру, сондай-ақ онлайн-кинотеатрларды Қазақстандағы заңды өкілін белгілеуге міндеттеу ұсынылған.

Азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау үшін нұқсан келтіретін мәліметті бастапқыда жарияланған дереккөздің өзінде теріске шығару тетігі қарастырылған. Яғни ақпарат әлеуметтік желіде тараса, оны сол платформада жоққа шығару талап етілуі мүмкін.

Сонымен қатар онлайн-платформаларда жала жапқаны, ал масс-медиа мен платформаларда былапыт сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады. Адамның бейнесін келісімінсіз пайдалануға қатысты талаптарды да нақтылау көзделген.

Бұған қоса, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою, білім беру курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру мәселелері қамтылған.

Министрлік мәліметінше, ұсынылған өзгерістерді іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Айта кетейік, аталған нормалар әзірге заң жобасы аясында ұсынылып отыр. Құжаттар Құрылтайда бірінші оқылымда қаралған.